Қазақстан Премьер-Лигасының 17-туры аясында "Ақтөбе" Қостанайдың "Тобылын" қабылдады. Көптен күткен бұл ойын жанкүйерлердің үмітін ақтады – эмоцияға толы, қарқынды әрі тартысты матч өтті.
Алғашқы таймда "Ақтөбе" қарсылас қақпасын дәл көздегенімен төреші бұл голды офсайд жағдайына байланысты есепке алмады. Осы сәттен кейін алаңдағы ойын одан сайын шиеленісе түсті.
Екінші кезеңде алаң қожайындары шабуылды үдетіп, қонақтардың қорғанысына айтарлықтай қысым жасады. Бір сәтте қостанайлық қақпа бағанасы да "Ақтөбенің" соққысынан дірілдеді. Дегенмен "Тобыл" да қарап қалмады. Бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, жеңіс үшін барын салды. Бірақ екі тарап та өз мүмкіндігін толық пайдалана алмады. Есеп 0:0.
Осы матчтан кейін "Тобыл" 35 ұпай жинады. Қостанайлықтар турнир кестесінде үшінші сатыда тұр. Ал "Ақтөбе" 33 ұпаймен төртінші орынды сақтап қалды.