
Қазақстанда бірқатар белгілі кәсіпкерлер футбол саласына қаржы құюға және клубтарды жекешелендіруге қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов Мәжіліс депутатының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан футбол федерациясы облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерімен бірлесе отырып, футбол клубтарын коммерцияландыру бағытында жұмыс жүргізуде. Осы бастама аясында бірнеше ірі бизнесмен өз ұсыныстарын білдірген.
Сонымен қатар «Тараз», «Елімай» және «Ертіс» клубтарына қызығушылық танытқан басқа да инвесторлармен келіссөздер жүргізілгені атап өтілген.
Қазір 2021–2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары қайта қаралып жатыр. Жаңа қаулы жобасы мүдделі мемлекеттік органдардың келісіміне жолданған. Бұл шаралар еліміздегі футбол саласын бюджеттен тәуелсіз, кәсіби әрі тиімді етуге бағытталған.
Премьер-министрдің айтуынша, спорт саласындағы жаттықтырушылардың еңбекақысы да кезең-кезеңімен өсіп келеді.
«2022 жылдан бері азаматтық қызметшілердің жалақысы жыл сайын 20 пайызға артып отыр. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жаттықтырушыларына шеберлік деңгейі үшін 30 пайыз көлемінде қосымша ақы төлеу қарастырылған. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1,8 миллиард теңге бөлінеді», — деді Үкімет басшысы.
Сонымен бірге жергілікті әкімдіктер өз қаржысы есебінен спорт қызметкерлеріне үстемеақы тағайындауға және ауылдық жерлердегі мамандардың жалақысын кемінде 25 пайызға арттыруға құқылы.