
FIFA 2026 жылғы әлем чемпионатына дейін офсайд ережесіне өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр.
Жаңа бастаманың авторы — әйгілі бапкер әрі қазіргі уақытта FIFA-ның жаһандық футболды дамыту жөніндегі директоры Арсен Венгер. Оның ұсынысы бойынша, енді офсайд тек шабуылшы мен қорғаушының арасында айқын алшақтық болған жағдайда ғана белгіленеді. Егер екі ойыншы бір сызықтың бойында тұрса, тіпті жартылай, мысалы, шабуылшының өкшесі қорғаушының аяғымен тең келсе де бұл жағдайда офсайд саналмайды.
Бұрынғы төреші Эдуардо Итурральде Гонсалес түсіндіргендей, бұл ереже алдымен сарапшылар комитетінде қаралады:
“Қазанда немесе қарашада 23 ойыншы мен 11 төрешіден тұратын арнайы топ жаңа ұсыныстарды талқылайды. Ең қызығы — бұл топты бастаманың авторы Венгердің өзі басқарады. Егер идея осы кезеңнен өтсе, ол қаңтардағы жыл сайынғы жиналыста, кейін ақпан немесе наурыздағы жалпы отырыста бекітіледі. Әдетте осы сатыға жеткен ұсыныстардың 95%-ы қабылданады.” — деді ол.
Жаңа офсайд ережесі 2026 жылғы әлем чемпионаты қарсаңында сынақ ретінде енгізілуі мүмкін.
Бұл өзгеріс футболдағы даулы офсайд жағдайларын азайтып, шабуылшы командаларға еркін ойын кеңістігін беруі ықтимал.