Қазақстанның ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин халықаралық бокс федерациясы - World Boxing ұйымының президенті қызметіне ресми үміткерлер тізіміне енгізілді.
World Boxing ұйымының жаңа президентін сайлау 23 қараша күні Рим қаласында өтетін World Boxing конгресі аясында өтеді. Сонымен қатар, осы конгресс барысында федерацияның атқарушы комитетінің жаңа мүшелері де таңдалады. Сайлауға WB құрамындағы 125 елдің өкілдері қатысып, дауыс береді.
World Boxing — 2023 жылдың сәуірінде құрылған халықаралық бокс федерациясы. 2024 жылдың қыркүйегінде Геннадий Головкин ұйымның жаңа Олимпиадалық комиссиясының төрағасы болып тағайындалды. Оның басты міндеті — бокстың Олимпиада ойындары бағдарламасында қалуын қамтамасыз ету және ұйымның Халықаралық Олимпиадалық комитет (ХОК) тарапынан ресми мойындалуына ықпал ету.
2025 жылдың ақпанында ХОК World Boxing ұйымын уақытша мойындау туралы шешім қабылдады. Бұл қадам ұйымға әлемдік деңгейде боксты басқару құқығын берді. Ал сол жылдың наурыз айында ХОК боксты 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына ресми түрде енгізу жөнінде шешім қабылдады.