15 қараша күні Астанада өтетін 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясындағы Қазақстан мен Бельгия құрамалары арасындағы ойынға арналған барлық билеттер толық сатылып кетті.
"Қызыл жындар" деп аталатын Бельгия құрамасының елордаға келуі жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырды. "Астана Аренадағы" 30 мың орындық стадионға билеттер сатылымға шыққан сәттен бастап бір апта ішінде түгел сатылып кеткен.
Кездесу 15 қараша күні сағат 19:00-де басталады. Қазір Талғат Байсуфинов баптайтын ұлттық құрама дайындықты бастап кетті.
Алайда бұл матч Қазақстан құрамасы үшін турнирлік тұрғыдан шешуші маңызға ие емес. Себебі команда әлем чемпионатына жолдама алу мүмкіндігін бұрын жоғалтқан.
Керісінше Бельгия құрамасы үшін бұл ойын - J тобының бірінші орнын сақтап, 2026 жылғы мундиальға тікелей жолдама алу мүмкіндігі.
Бұл екі команда осы іріктеу циклінде бұған дейін де кездескен. 8 қыркүйекке қараған түні Брюссельде өткен алғашқы ойында қазақстандықтар 0:6 есебімен жеңіліп қалған еді.
Сол себепті алдағы матч — абыройды қайтарудың және өз алаңында лайықты ойын көрсетудің мүмкіндігі.
"Астана Арена" стадионында футбол мерекесі атмосферасы күтілуде. Қазақстандық жанкүйерлер өз құрамасын қолдап, әлемдік деңгейдегі жұлдыздар Ромелу Лукаку және Леандро Троссар сияқты ойыншылардың өнерін көре алады.