"Елімай" мен "Астана" тартысты матчта жеңімпазды анықтай алмады
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 6-турындағы орталық кездесуде семейлік "Елімай" мен елордалық "Астана" тең тарқасты.
Орталық матчта төрт гол соғылды
Қос команда арасындағы матч нәтижелі өтіп, жанкүйерлер төрт голдың куәсі болды. Кездесу қорытындысы бойынша есеп 2:2 болып тіркелді.
Ойын қонақтардың жылдам голымен басталды. Кездесудің алғашқы минутында-ақ Марин Томасов мергендік танытып, "Астананы" алға шығарды.
Бірақ "Елімай" көп күттірмей жауап қатты. Араға небәрі төрт минут салып, Әділбек Жұмаханов таразы басын теңестірді.
Бірінші таймның ортасына қарай алаң иелері алға шықты. Бұл жолы Фессу Плакка өз мүмкіндігін мүлт жібермей, семейліктерді алға жетеледі.
Екінші тайм басталғаннан кейін көп ұзамай Мақсат Абыраев есепті қайта теңестіріп кетті. Қалған уақытта қос командада мүмкіндік болғанымен. есеп өзгеріссіз қалды.
"Елімай" көшбасшы атанды
Осы нәтижеден кейін Андрей Карпович жаттықтыратын "Елімай" жеңіліссіз сериясын алты матчқа дейін ұзартты. Семейлік клуб 12 ұпаймен ҚПЛ турнирлік кестесінде бірінші орынға көтерілді. Ал "Астана" болса, 9 ұпаймен бесінші сатыға жайғасты.
Келесі турда "Елімай" Алматыда "Қайратпен" кездеседі. Ал "Астана" өз алаңында "Атырауды" қабылдайды. Екі матч 26 сәуірге жоспарланған.