"Барселона" жұлдызы маусым соңына дейін ойнамайды

Сарапшы, спорт журналисі

Ламин Ямаль ауыр жарақат алып, қалған ойындарға қатыса алмайды.

"Барселона" жұлдызы маусым соңына дейін ойнамайды
skysports.com

Дәрігерлер қандай диагноз қойды?

Клубтың ресми мәліметіне сәйкес, медициналық тексеріс нәтижесінде футболшының сол аяғының артқы бұлшық еті зақымданғаны анықталған. Ямаль енді консервативті ем қабылдайды және Ла Лиганың қалған матчтарында командасына көмектесе алмайды.

18 жастағы вингер жарақатын “Сельтаға” қарсы ойында алған. Сол кездесуде пенальтиден гол соғып, командасына жеңіс сыйлағанымен көп ұзамай жарақатына байланысты алаңды тастауға мәжбүр болды.

Әлем чемпионатына үлгере ме?

Алдын ала болжам бойынша испаниялық футболшы толық қалпына келіп, әлем чемпионатына қатыса алады. Испания құрамасы турнирдегі алғашқы матчын 15 маусым күні Кабо-Верде құрамасына қарсы өткізеді.

Айта кетейік, Ламин Ямаль осы маусымда Ла Лигадағы “Барселонаның” үздік сұрмергені атанып отыр. Оның еншісінде 16 гол бар.

Сонымен қатар соңғы үш матчта қатарынан гол соғып, жоғары формада жүрген еді.

Команда жағдайы қандай?

Қазір “Барселона” Испания чемпионатының турнир кестесінде көш бастап тұр. Каталониялық клуб ең жақын қарсыласынан 9 ұпайға озып кеткен.

Келесі турда сырт алаңда “Хетафеге” қарсы ойнайды.