Винисиус "Реалдың" жаңа келісімшартынан бас тартты
Мадридтік "Реал" мен Винисиус Жуниор арасындағы келісімшартты ұзарту жөніндегі келіссөздер қаржылық талаптарға байланысты уақытша тоқтап қалды.
Қомақты бонус талап етті
Dosis Futbolera мәліметінше, Испанияның әйгілі клубы 26 жастағы футболшының жалақысын едәуір көтеруге дайын. Қазір Винисиус салықтарды есептемегенде жылына 15 миллион еуродан аз табыс алады. "Реалдың" жаңа ұсынысы бойынша оның жалақысы шамамен 20 миллион еуроға дейін өсуі тиіс болған.
Алайда бразилиялық футболшы ұсынылған шарттарды қабылдамаған. Ойыншының өкілдері жоғары жалақымен қатар, келісімшартқа ірі көлемдегі қол қою бонусын енгізуді талап етіп отыр.
Бұл талап орындалған жағдайда Винисиустың табысы команданың тағы бір жұлдызы Килиан Мбаппенің кірісіне жақындай түспек.
Мадридтік клуб басшылығы футболшы тарапының бұл талабын бірнеше рет қанағаттандырудан бас тартқан. Соның салдарынан тараптар жаңа келісім бойынша белсенді келіссөздерді тоқтатып, талқылау процесі уақытша мұздатылған.
Флорентино Перес келіссөзге араласты
Винисиус бұған дейін бірнеше рет "Реалда" қалғысы келетінін ашық айтқан. Клуб президенті Флорентино Перес те келіссөздерге жеке қатысып, команданың негізгі ойыншыларының бірімен жаңа келісімге қол жеткізуді көздеп отыр.
Бұған дейін AS басылымы тараптардың шілде айының соңында арнайы кездесу өткізетінін хабарлаған. "Реал" басшылығы маусым алдындағы дайындық басталғанға дейін шабуылшымен келісімге келуге сенімді болған.
Дегенмен соңғы ақпаратқа қарағанда тараптар арасындағы қаржылық келіспеушіліктер әлі шешімін таппаған.
"Реал" Винисиусты сатуы мүмкін
Винисиустың мадридтік клубпен қазіргі келісімшарты 2027 жылдың жазына дейін жарамды. Егер жаңа келісімге қол қойылмаса, футболшы қаңтар айынан бастап басқа командалармен еркін келіссөз жүргізу құқығына ие болады.
"Реал" басшылығы келіссөздер толық тығырыққа тірелген жағдайда бразилиялық шабуылшыны сату мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Дегенмен қазіргі уақытта Винисиустың трансферіне қатысты клубқа ресми ұсыныс түспеген.
Айта кетейік, Винисиус Жуниор "Реал" сапында 2018 жылдан бері өнер көрсетеді. Осы уақыт аралығында мадридтік командамен бірге Чемпиондар лигасын екі рет жеңіп, клубтың шабуыл шебіндегі негізгі футболшылардың біріне айналды.