"Қайрат" Канье Уэст концертіне байланысты шешім шығарды
"Қайрат" еурокубоктың үшінші іріктеу кезеңіндегі ықтимал үй матчын Алматыда емес, Түркістанда өткізетінін ресми түрде хабарлады.
УЕФА матчты рұқсат берді
"Қайрат" қалыптасқан жағдай мен еурокубок күнтізбесінің тығыздығын ескеріп, ықтимал үй матчының өтетін орнын өзгерту туралы УЕФА-ға ресми өтініш жолдаған.
УЕФА алматылық клубтың өтінішін мақұлдап, кездесуді "Түркістан Арена" стадионында өткізуге келісім берген.
"14 тамызда Алматының Орталық стадионында Канье Уэстің концерті өтетіндіктен, клубтың үй аренасы еурокубок матчын қабылдай алмайды. УЕФА-ға жолданған өтініштің нәтижесінде үшінші іріктеу кезеңіндегі ықтимал үй кездесуін Түркістанда өткізу келісілді", — делінген клуб мәлімдемесінде.
Матчтың нақты күні мен басталу уақыты, сондай-ақ билеттердің сатылымға шығатын мерзімі команданың еурокубоктағы алдағы бағыты анықталғаннан кейін жарияланады.
"Қайрат" "Омониядан" минималды есеппен жеңілді
Алматылық клуб Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчта Кипрдің "Омония" командасына қонақта 0:1 есебімен жол берген еді.
Қарымта кездесу 29 шілдеде Алматыда өтеді. Екі матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне шығады.
Егер "Қайрат" "Омониядан" өте алмаған жағдайда еурокубоктағы жорығын Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінде жалғастырады.