Лионель Месси екінші футбол клубын сатып алуға дайындалып жатыр
"Интер Майами" клубының жұлдызды шабуылшысы Испанияның екінші дивизионында өнер көрсететін "Эльденсе" командасын сатып алу жөнінде алдын ала келісімге келді.
Клуб акцияларын толық иеленбек
Marca мәліметінше, келісім сәтті аяқталған жағдайда аргентиналық футболшы "Эльденсе" акцияларының 100 пайызын сатып алады. Мәмілеге басқа инвесторларды тарту жоспарланбаған.
Бұл қадам Мессидің Испаниядағы кәсіби футбол саласындағы кәсіпкерлік қызметінің бастамасы болуы мүмкін.
"Эльденсе" Аликанте провинциясындағы Эльда қаласында орналасқан. Бұл өңір Каталонияға жақын. Басылымның жазуынша, Месси "Интер Майамидегі" мансабын аяқтағаннан кейін дәл осы аймақта тұруды жоспарлап отыр.
Мәміле қашан аяқталады?
Клубты сатып алу жөніндегі келісім алдағы бірнеше күн ішінде рәсімделуі ықтимал. Ол үшін тараптар соңғы заңдық және келісімшарттық рәсімдерді аяқтап, "Эльденсеның" қаржылық әрі құқықтық жағдайын тексеруі қажет.
Сонымен қатар мәміле Испанияның Жоғары спорт кеңесінің міндетті мақұлдауынан өтуге тиіс.
Испаниялық клуб қазір күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Команда чемпионаттың алғашқы төрт турында небәрі екі ұпай жинаған.
Өткен дүйсенбіде бас бапкер Клаудио Барраган қызметінен босатылды. Ол — Испанияның екінші дивизионында биылғы маусымда отставкаға кеткен алғашқы жаттықтырушы. Әзірге клуб жаңа бас бапкерді тағайындаған жоқ.
Мессидің Испаниядағы екінші клубы
"Эльденсены" сатып алу Лионель Мессидің футбол клубтарына бағыттаған инвестициясының жалғасы болмақ. Ақпаратқа сәйкес, ол биыл Испанияның төртінші дивизионында ойнайтын "Корнелья" клубын иеленген.
Бұған дейін Месси Аргентина құрамасындағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді. Ол ұлттық құрама сапында 207 матч өткізіп, 125 гол соқты.
Аргентиналық футболшы 2022 жылы әлем чемпионы атанды, 2021 және 2024 жылдары Америка кубогын жеңіп алды. Сондай-ақ 2022 жылғы Финалиссима мен 2008 жылғы Олимпиада ойындарының алтын жүлдесін иеленді.
Пікірлер
Пікір қалдыру уақытша жабық.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.