
Бұл туралы Алматылық «Қайрат» клубының баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Алматылық «Қайрат» клубының баспасөз мәслихаты өтті. Ол Қазақстан Суперкубогы – 2025 ойынының алдында ұйымдастырылды.
Баспасөз жиынында Offside.kz журналисі «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтинге ұлттық құраманың шақыртуына қатысты сұрақ қойды:
- Белектегі оқу-жаттығу жиынына “Қайрат” ойыншыларының қатысуына қатысты ұлттық құрама дирекциясынан өтініш болды ма?
"Иә, ұлттық құрама дирекциясынан екі ойыншыны оқу-жаттығу жиынына жіберу туралы өтініш түсті. Біз бұл мәселені талқылап, футболшыларымызды Белектегі жиынға жібермеуге шешім қабылдадық. Себебі бізде алдын ала жоспарланған матчтар болды, ал жиын туралы хабар бар-жоғы бірнеше күн бұрын ғана келді. Егер біз ойыншыларды жіберсек, кейбір жоспарланған матчтардан бас тартуға мәжбүр болар едік, бұл өз кезегінде келісімшарттық міндеттемелерге әсер етер еді.
Біз үшін бастысы – ойыншылардың өз уақытында қажетті тәжірибе жинақтауы. Барлық жағдайды ескере келе, олар клубтық матчтарда ойнағаны жөн деп шештік. Ұлттық құраманың бапкерлеріне «егер қажет болса, келіп, ойыншыларымызды көре аласыздар» деп айттық. Жағдай осылай қалыптасты", – деді Рафаэль Уразбахтин.
Қазақстан Суперкубогы матчы 22 ақпан 2025 жылы, сағат 15:00-де өтеді. Матч «Астана Арена» стадионында ұйымдастырылады.
Айта кетейік, ойынға барлық билеттер алдын ала сатылып кеткен, сондықтан ертең стадионда аншлаг күтілуде.