
Кеше пенальти сериясында Усман Дембеленің не істегенін көрдіңіздер. Сол аяғымен тебуге оқталып тұрды да, жеме-жемге келгенде оң аяғымен гол салды. Бұл нені білдіреді? Дембеле қазір физикалық тұрғыда да, ментал жағынан да зорайған.
Дембелеге оң-солы бәрібір. Екі аяғымен де гол сала береді, пас үлестіру әншейін сән. Мұндай футболшыны өз басым бұрын-соңды көрмегем.
Жалпы, Дембеле әуелден талант. Бірақ өзі қыңыр адам. Амбициясы асқақ, бар назары футболда болса, қазір Дембеле "оң аяғымен Парижді, сол аяғымен әлемді тербеткен" ғажап футболшыға айналар еді. Бірақ дәл қазіргі праймда Дембеледен озған футболшы көріп тұрғам жоқ. Гол машинасы, дриблинг дүлейі. Алаңда төрт позицияны (қос қапталда да вингер, ұрын тоғыздық, 10-дық) қатар атқаратын әмбебап.
Футболда Дембеле дәуірі басталды. Соңғы бес жылда зордың күшімен жеткен статистикасын жарты маусымда оп-оңай жаңартты. Не түрткі болды?
Дембеле есейді. Жасы 27-ге келгенде ақыл кірді. Луис Энрике клубтан Мбаппе кеткен соң тізгінді толық уысына алды. Осылайша, маусым басында Усман Дембелемен "шекісіп", бір-екі матчтан аластатып тынды. Клубта кімнің "көті диірмен тартатынын" есіне салды. Соңы компромисс.
Содан бері бас бапкердің айтқанын екі етпейді, берілген тапсырманы мүлтіксіз орындайды. Фаст-фуд жемейді, уақытылы ұйықтайды, жаттығуға бірінші болып келеді. Дембелеге дисциплинаны үйреткен "таяқ". Енді соның жемісін көріп жатыр. Дембеле расымен де, талантты ойыншы екенін саналы түрде енді ұқты. Сосын шындап кірісті. Луис Энрике қалғып кеткен талантты, ұйықтап кеткен дарынды су бүркіп оятты. Енді тоқтатып көр.
ПСЖ қазір төрт құбыласы тең команда. Мұндай азулы клуб соңғы рет ЧЛ финалына дейін жеткен Томас Тухельдің тұсында болған еді.
Пенальти тосатын қақпашысы бар. Оны тең дәрежеде алмастыратын мықты киперді қосыңыз.
Қорғанысы мықты: Мендеш, Хакими, Маркиньос, Пачо. Соңғысы Шкриньярды ығыстырып тынды, Кимпембені жоқтатпай жүр.
Ортасы ойқастап тұр: Витинья, Руис, Невеш. Қазір дәл мұндай үштік ешбір командада жоқ-ау. Модрич – Кросс – Каземиро, Бускетс – Иньеста – Хави сияқты трио Парижде де пайда болды.
Энрикеге шабуылды реттеу керек болды. Мбаппесіз де күнелту керек. Барколья бабында. Рамуш тұрақсыз. Дембеле селсоқ. Дуэ жаңадан қосылды. Ли Кан Ин ротация үшін.
Сосын эксперимент басталды. Луис Энрике іргетасы мықты клубтың шабуыл шебіне бас қатырды. Дембеле – бас қару. Ұрын тоғыздық. Тез іліп әкетті. Сосын әбден қызығына кірді. Арсеналындағы өзі білмейтін қасиеттері қылаң бере бастады. Бұрын бәрін дұрыс істеп, нүктесін қоюға келгенде кібіртіктеп қалатын Дембеле жоқ. Прессингке бірінші болып ұмтылып, шабуылдың соңына жеткізетін аш қасқыр пайда болды. Дембелеге командада бірінші скрипка болу ұнап қалған сияқты. Барселонада жүргенде Месси, Парижге келгенде Мбаппе соло ойқастайтын командада хор әншісіндей қор болып жүрген күндерін ұмытты. Енді ол қатарға қайта оралғысы жоқ.
Қазір Дембеле соло футболшы. Лидер. Матч тағдырын шешетін элит-форвард. Бірақ соған қарамастан командалық жауынгер екенін де ұмытпайды. Бас бапкер сенеді, команда құрметтейді. Дембеле мұндай құрметті соңғы рет Дортмундта жүгенде сезінген.
Енді командада мықты үш вингер бар: Хвича, Барколья, Дембеле. Үшеуі тез тіл табысты. Жиі позиция алмастырып, қорғаушылардың әбден ығырын шығарады. Қарсыластың әлсіз тұсын байқаса болды, Дембеле сол объектіні төпелейді. Сілекпесін шығарады. Екі аяғы тең дамыған тентекті тоқтату қиын.
Негізі, Барселонада карьерасы құрдымға кетіп бара жатқан Дембелені құтқарған Хави болатын. Сенді, сендірді, жігерлендірді. Сосын піскен мезетте Парижге көшті. Енді оның қызығын Луис Энрике көріп отыр. Талантты тентекті тезге салып, ақылға жықты. Бары осы.1816:54
Мақала авторы: Жандос Байділдә