Қазақстандық боксшы қыз Азия чемпионатының "алтынына" таласады (ВИДЕО)
Ташкентте жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының өкілі Балым Ғабитқызы финалға жолдама алды.
Үндістандық қарсыласын жеңді
Азия біріншілігінде Қазақстан мен Үндістан боксшылары арасындағы кезекті жекпе-жек аяқталды. 60 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Балым Ғабитқызы үндістандық Ишикамен рингке шықты.
Тартысты өткен айқаста қазақстандық боксшы қыз төрешілердің бөлек шешімімен жеңіске жетті. Қорытынды есеп — 3:2.
Бұл жеңістен кейін Балым Ғабитқызы Азия чемпионатының финалына өтті. Енді ол жарыстың алтын медалі үшін жұдырықтасады. Ал Ишика турнирді қола жүлдемен аяқтады.
Ташкенттегі турнирге 21 ел қатысып жатыр
Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты Ташкентте U15 және U17 жас санаттары бойынша өтіп жатыр. Турнир Asian Boxing ұйымының, яғни World Boxing құрылымына кіретін Азиядағы ұйымның қолдауымен ұйымдастырылған.
Биылғы құрлықтық дода соңғы жылдардағы ең ауқымды жарыстардың біріне айналды. Оған Азияның 21 елінен 460-тан астам жас боксшы қатысуда.