
Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) ойнайтын қазақстандық "Барыс" шетелдік ойыншыларды сатып алу үшін демеуші тапты.
"Штаб Хоккеиста" телеграм-арнасы таратқан ақпаратқа сәйкес "Барысқа" 1,998 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат шетелдік хоккейшілерді келісімшартқа шақыруға бағытталады.
"Демеуші келісім берді. Ақша тек легионерлерді тартуға жұмсалады", — делінген хабарламада.
Бұған қоса, дереккөз клубты шетелдік жаттықтырушының басқаруы мүмкін екенін мәлімдеді. Қазір Ғалым Мәмбеталиев "Барыстың" бас бапкері қызметін атқаруда. Бірақ жаңа маусым қарсаңында бұл позицияда өзгерістер болуы мүмкін.
Өткен маусымда астаналық клуб ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында 12-орынмен шектелді. Команда 68 матчтың 54-інде жеңіліп, бар болғаны 35 ұпай жинады. Бұл нәтиже жанкүйерлердің көңілінен шықпағаны белгілі.