
"Барыс" ХК соңғы апталарда құрамын айтарлықтай жаңартты. Команда қатарын бірден сегіз шетелдік ойыншы толықтырды.
Тәжірибелі форвард Эмиль Галимовтан бастасақ. ҚХЛ жанкүйерлеріне жақсы таныс бұл хоккейші 600-ден астам ойын өткізген. “Нефтехимик”, “Локомотив”, “Ақ Барыс”, СКА және “Авангард” сапында өнер көрсетті. Соңғы жылдары ойыны бәсеңдеген Галимов өткен маусымда жарақатына байланысты небәрі 15 матчқа шықты.
Иэн МакКошен – шабуылға бейім қорғаушы. Бұған дейін NHL және АHL клубтарында ойнаған. 2022 жылы Еуропаға қоныс аударып, Финляндия мен Чехияда өнер көрсеткен соң ҚХЛ-ға келді. Өткен маусымда “Куньлунь” сапында 61 ойын өткізіп, 15 ұпай (4+11) жинағанымен пайдалы әрекет көрсеткіші −21 болды. Бұл көрсеткіш “Барыста” тек үш қазақстандық қорғаушыдан төмен болған.
Қақпашылар қатарына канадалық Оливье Родриг қосылды. Ол 2020 жылдан бері “Эдмонтон” жүйесінде ойнады. Оның шақырылуы Никита Бояркиннің жарақатымен байланысты. Егер Родриг тез бейімделсе, маусым ортасына қарай “Барыста” бірден үш мықты қақпашы болуы ықтимал.
Канадалық Джейк Масси – екі мәрте Колдер кубогының иегері ("Херши Беарс”). Алайда NHL-де бірде-бір матч өткізбеген. Ол көбіне қорғанысқа сенімді ойынымен танылған. Дегенмен AHL-де тұрақты ойын уақытын алуда қиналғаны байқалады.
Америкалық Райли Уолш – ең қызық трансферлердің бірі. 2017 жылы “Нью-Джерси Девилз” оны драфтта таңдаған. NHL-де бір ойын ғана өткізіп, нәтижелі пас берген. Соңғы төрт маусымда AHL-де тұрақты көшбасшыға айналды. “Ютика Кометс” сапында екі жыл қатарынан 46 ұпай жинап, пас беру шеберлігімен көзге түсті. Өткен маусымда “Барыста” ең нәтижелі қорғаушы небәрі 19 ұпай алғанын ескерсек, Уолш астаналық клубтың басты лидерлерінің бірі болуы мүмкін.
Майкл Веккьоне – ҚХЛ үшін маңызды күшейту. Ол өткен маусымда Массимен бірге “Херши” сапында ойнады. “Трактор” оны алмақ болғанымен челябілік клуб ақыры басқа бомбардирді таңдады. Веккьоне соңғы төрт маусымда AHL-де тұрақты жоғары деңгейде өнер көрсетіп, енді “Барыста” бірінші звенода ойнауы ықтимал.
Америкалық Тайс Томпсон – “Баффало” жұлдызы Тейдж Томпсонның бауыры. Ол соңғы екі маусымды AHL-дегі аутсайдер “Бриджпорт Айлендерс” сапында өткізіп, 14 және 21 ұпай жинады. Орталық позиция құнды болғанымен дәл осы хоккейші күткен үмітті ақтамауы мүмкін.
Мейсон Морелли NHL-де “Вегас Голден Найтс” құрамында 10 ойын өткізіп, 4 (3+1) ұпай жинады. Кейін AHL-де “Херши Беарс” және “Хендерсон Силвер Найтс” сапында өнер көрсетті. 2022/23 маусымында “Херши” құрамында Колдер кубогын жеңіп, 92 ойында 54 ұпай (17+37) иеленді. Оның әмбебаптығы мен тәжірибесі “Барысқа” қажет.
Жалғыз қазақстандық жаңа ойыншы – Дмитрий Бреус. Ол “Торпедодан” жалға алынды. Жас қорғаушы қазірдің өзінде ұлттық құрама сапына шақырылып жүр. ҚХЛ-де тұрақты ойын тәжірибесі аз болғанымен “Барыста” өзін көрсету мүмкіндігі бар. Дегенмен клубтың легионерлерге басымдық беруі оның алаңға шығуын шектеуі ықтимал.