Колдер кубогының екі дүркін жеңімпазы "Барысқа" ауысуға жақын
Соңғы жылдары АХЛ-дың үздік қақпашыларының бірі саналған Хантер Шепард елордалық клубпен келісімшарт жасасуға жақын.
Шепардтың АХЛ-дағы жетістіктері
“Пошла вода горячая!” телеграм-арнасының мәліметінше, америкалық қақпашы Колдер кубогын екі рет жеңіп алған. Сонымен қатар ол әр жылдары АХЛ маусымының үздік қақпашысы және плей-офф кезеңінің ең құнды ойыншысы атанған.
Бұған дейін Шепардтың есімі ҚХЛ-дағы бірқатар беделді клубпен байланыстырылған. Бірақ қақпашының Солтүстік Америкадан кетіп, басқа чемпионатта өнер көрсетуге енді ғана дайын болғаны айтылады.
Әзірге “Барыс” пен хоккейші ықтимал келісімге қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
“Барыстың” маусым алдындағы жоспары
Астаналық команда жаңа маусым алдында екі оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Алғашқы дайындық кезеңінен кейін “Барыс” екі маусымалды турнирге қатысады.
17–20 тамыз аралығында Башқұртстан Республикасының кубогында, ал 27–30 тамыз күндері Николай Пучков атындағы турнирде бақ сынайды. Екінші оқу-жаттығу жиынынан кейін Михаил Кравец жаттықтыратын ұжым ҚХЛ-дың тұрақты чемпионатына кіріседі.
“Барыс” жаңа маусымдағы алғашқы үш кездесуін өз алаңында өткізеді:
- 7 қыркүйек – “Сібірі;
- 9 қыркүйек – “Салават Юлаев”;
- 12 қыркүйек – “Амур”.