Бибісара Асаубаева үміткерлер турнирінде азулы қарсыласына есе жіберді

Сарапшы, спорт журналисі

Қазақстандық шахматшы бесінші турда жеңіліп, көш басындағы орнын жоғалтты.

Бибісара Асаубаева үміткерлер турнирінде азулы қарсыласына есе жіберді
instagram/@stlchessclub

Асаубаеваның еншісінде 2,5 ұпай қалды

Бибісара Асаубаева 2026 жылғы Үміткерлер турнирінің бесінші турында ресейлік тәжірибелі гроссмейстер Екатерина Лагноға жол берді. Кездесу 1:0 есебімен Лагноның пайдасына аяқталды. Бұл партияда ресейлік шахматшы ақ тастармен ойнады.

Осы турдан кейін Бибісара Асаубаеваның қоржынында 2,5 ұпай бар. Қазақстандық шахматшы бұған дейін бір партияда жеңіске жетіп, үш ойында тең түскен еді.

Алайда бұл жеңілістен кейін ол турнир кестесіндегі көшбасшылық орнын сақтап қала алмады.

Турнир кестесінде үш шахматшы алға шықты

Қазір жарыс тізгінін бірден үш шахматшы ұстап тұр. Олар:

  • Екатерина Лагно (Ресей)
  • Анна Музычук (Украина)
  • Чжу Цзиньэр (Қытай)

Әрқайсысында 3 ұпайдан бар.

Үміткерлер турнирі қалай өтеді?

Турнир айналмалы жүйе бойынша 14 турдан тұрады. Қатысушылар классикалық уақыт бақылауымен сынға түседі:

  • алғашқы 40 жүріске — 90 минут
  • партия соңына дейін — қосымша 30 минут
  • әр жүріске бірінші қадамнан бастап 30 секундтан қосылып отырады

Бұл турнирдің жеңімпазы Қытай шахматшысы Цзюй Вэньцзюньмен әлем чемпионы атағы үшін матч өткізу мүмкіндігіне ие болады. Жарыстың жалпы жүлде қоры — 300 мың еуро.