"Астананың" ойын өткізуге ақшасы жетпей қалды
Футзалдан елордалық "Астана" клубы қаржылық қиындықтарға байланысты 2026/2027 жылғы Қазақстан кубогының алдын ала кезеңіндегі ойындарын жалғастыра алмайды.
Екінші және үшінші турларға қатыспайды
Клуб басшылығы Қазақстан футбол федерациясына Қазақстан кубогының алдын ала кезеңіндегі екінші және үшінші тур матчтарына шықпайтынын ресми түрде жеткізген.
Мұндай шешім команданың қазіргі қаржылық жағдайына байланысты қабылданды. "Астана" аталған кездесулерге қатысу үшін қажетті шығындарды өтеуге мүмкіндігі жоқ екенін мәлімдеген.
Команда Суперлигада өнер көрсетеді
Қазақстан кубогынан бас тартқанына қарамастан елордалық ұжым ел чемпионатынан шет қалмайды. Клуб басшылығы "Астананың" 2026/2027 жылғы футзалдан Қазақстан Суперлигасына қатысатынын растады.
Қазір командадағы қаржылық ахуалды тұрақтандыру және туындаған мәселелерді шешу бағытында жұмыс жасалып жатыр. Клуб алдағы уақытта барлық міндеттемелерді реттеп, Суперлиганы толыққанды өткізуге қажетті жағдай жасауды жоспарлап отыр.
"Астананың" Қазақстан кубогындағы екінші және үшінші тур матчтарына қатысудан бас тартуына байланысты құқықтық салдарды ҚФФ-ның Бақылау-тәртіптік және әдеп комитеті қарайды.
Сонымен бірге өтпей қалған кездесулердің нәтижесіне қатысты шешім қолданыстағы регламент пен тәртіптік ережелер негізінде қабылданбақ.
Өткен маусымдағы нәтиже
Елордалықтар 2025/2026 жылғы Қазақстан чемпионатының тұрақты кезеңінде 44 матч өткізіп, 49 ұпай жинады. Команда маусымды сегізінші орынмен аяқтады.
"Астана" Қазақстан кубогының алдын ала кезеңінде үш кездесуден үш ұпай жинап, өз тобында үшінші орын алды. Дегенмен бұл нәтиже командаға плей-офф кезеңіне шығуға жеткіліксіз болды.
Пікірлер
Пікір қалдыру уақытша жабық.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.