Қазақстан Еуропа чемпионатын өткізуге таласады
Қазақстан 2030 жылы футзалдан өтетін Еуропа чемпионатының финалдық кезеңін ұйымдастыруға ниетті жеті елдің қатарына енді.
Турнирді өткізуге жеті мемлекет таласады
Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) мәліметінше, футзалдан 2030 жылғы Еуропа чемпионатын қабылдауға өтінім білдірген елдердің саны рекордтық көрсеткішке жеткен.
Ұйым өкілдері мұны футзалдың халықаралық деңгейде танымалдығы артып келе жатқанымен байланыстырады. Қазақстаннан бөлек, құрлықтық біріншілікті өткізуге тағы алты мемлекет үміткер:
- Хорватия;
- Финляндия;
- Франция;
- Грузия;
- Польша;
- Испания.
Осылайша Қазақстан Еуропаның бірқатар мемлекетімен ірі халықаралық жарысты ұйымдастыру құқығы үшін бәсекеге түседі.
Еуро-2030 қай елде өтетіні қашан белгілі болады?
УЕФА бекіткен талаптарға сәйкес, үміткер мемлекеттер толық өтінім құжаттарын 2027 жылдың 8 маусымына дейін тапсыруы тиіс. Ал турнирді қабылдайтын елді УЕФА Атқарушы комитеті 2027 жылдың қыркүйегінде анықтайды.
Демек Қазақстанның Еуро-2030 додасын өткізу мүмкіндігі жөніндегі түпкілікті шешім келер жылы белгілі болады.
Қазақстан УЕФА-ның ірі шарасын қабылдайды
Айта кетейік, Қазақстан бұған дейін де бірнеше маңызды халықаралық футбол іс-шарасын өткізу құқығына ие болған.
Атап айтқанда, 2027 жылы Астанада УЕФА-ның 51-конгресі ұйымдастырылады. Сонымен қатар елордада 19 жасқа дейінгі футзалшылар арасындағы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі өтеді.
Ал 2028 жылы "Астана Арена" стадионы УЕФА Суперкубогы үшін өтетін кездесуді қабылдайды.
Бұл жарыстар мен іс-шаралар Қазақстанның халықаралық спорттық турнирлерді ұйымдастырудағы тәжірибесін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазақстан әлемнің үздік он құраманың қатарында
Қазақстан футзалдан халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізген елдердің бірі саналады. Алматылық "Қайрат" футзал клубы УЕФА кубогын екі мәрте жеңіп алған. Ал Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалына дейін жетіп, Еуропа чемпионатында қола жүлдегер атанған. Қазір Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте сегізінші орында тұр.
Ұлттық команда 2028 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде де өнер көрсетіп жатыр. Іріктеу турниріндегі алғашқы кездесуінде қазақстандық футзалшылар Беларусь құрамасын 5:4 есебімен жеңді.