Қазақстандық файтер Әнуарбек Бекембетов (лақап аты — "Мотиватор") Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновпен шаштаразда “керіскендей” болып көрінетін видео жариялады.
"Мотиватор" Instagram парақшасына салған ролик қойылым форматында түсірілгені байқалады. Кадр басында Данияр Елеусінов шаштаразда отыр. Сол сәтте Әнуарбек кіріп келіп, қызмет көрсетуді өзіне дереу бастауды талап етеді. Алайда шаштараз Елеусіновке қызмет көрсетіп жатқандықтан жағдай ушығады.
Видеода екі спортшының арасында қысқа диалог болады:
Елеусінов қарсыласына “күте тұр” деген ишара білдірсе, Бекембетов “интернетте мен туралы айттың ба?” деген мазмұнда сұрақ қояды. Артынша сөз қағысы күшейіп, ролик ең қызған тұста үзіліп қалады.
Әнуарбек Бекембетов әлеуметтік желідегі провокациялық контентімен танылған. Бұған дейін де ол қойылым видеолардағы әрекеттері үшін сынға қалып, тіпті бір эпизодтан кейін 15 тәулікке қамалған.
Ал Данияр Елеусінов былтыр желтоқсанда АҚШ-тан Қазақстанға оралған. Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы кәсіби бокстағы мансабын жалғастыру мақсатында бұған дейін Америкада жаттығып, өнер көрсеткен.