"Қарызымды жабамын". Бибісара Асаубаева тарихи титулдың сыйақысын қайда жұмсайтынын айтты

Сарапшы, спорт журналисі

Қазақстандық шахматшы, блиц бойынша үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Tengri Sport-қа берген сұхбатында тарихи жеңіс үшін алған жүлде қаржысының тағдыры туралы айтып берді.

"Қарызымды жабамын". Бибісара Асаубаева тарихи титулдың сыйақысын қайда жұмсайтынын айтты
Instagram/@bibisarachess

Катардағы финал: үшінші алтын және сенімді ойын

Бибісара Асаубаева 31 желтоқсанға қараған түні Катардағы әлем чемпионатының блиц форматында үшінші рет алтын медаль еншіледі.

Спортшының сөзінше, турнирдің тағдырына аса қатты алаңдамаған. Себебі ол өзін финалда ұтылған күннің өзінде үміткерлер турниріне жолдама алатынын біліп, психологиялық тұрғыда сабырға шақырып отырған.

Дегенмен үшінші әлемдік титулды бағындыру ниеті оны жігерлендіріп, ойында сенімділік берген.

"Бір жағынан психологиялық тұрғыда маған қарсыласымнан жеңілірек болды. Себебі финалда ұтылып қалсам да, бәрібір үміткерлер турниріне өтетінімді түсіндім. Бұл – екі жылда бір өтетін ең маңызды бәсекелердің бірі.

Екінші жағынан, үшінші титулды алғым келді. Қатты шаршағаныма қарамастан финалды лайық деңгейде өткізуді мақсат еттім", – деді Бибісара Асаубаева сұхбатында.

Финалдағы қарсылас кім болды?

Финалда қазақстандық шахматшы Украина өкілі Анна Музычукпен кездесті. Алғашқы үш партия тең аяқталып, шешуші төртінші ойында Бибісара қарсыласын ұтып, әлем чемпионы атанды.

Жүлде қаржысы қайда жұмсалады?

Сыйақы қаражатының тағдыры туралы сұраққа Бибісара Асаубаева нақты жауап берді. Ол ақшаны жаттықтырушылар штабы алдындағы қарыздарын өтеуге бағыттамақ. Оның айтуынша, нәтижеге жетуге ең көп үлес қосқан – дәл осы бапкерлер командасы.

"Лотереядан ұтқан миллиардер туралы анекдотты білесіз бе? Одан “ақшаны қайда жұмсайсыз?” деп сұрағанда, “қарызымды жабамын” дейді. Менде де солай. Бұл қаражатты жаттықтырушылардың төленбей қалған еңбекақысы мен есепшоттарына бағыттаймын. Дайындықтың іргетасы – солардың еңбегі, ал негізгі шығын да осы жолда кетеді", – деді ол.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 0
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір