Қазақстандық танымал гимнасшылар Нариман Құрбанов пен Аида Бауыржанова жанкүйерлерімен қуанышты жаңалық бөлісті. Ерлі-зайыпты ата-ана атанатынын мәлімдеді.
Алматыдан шыққан спортшылар әлеуметтік желідегі парақшаларында жаңа фотосуреттер жариялап, отбасындағы жағымды өзгерісті ишарамен жеткізді. Кадрларда Аиданың іші білініп, жұптың сәби күтіп жүргені анық байқалады.
Жарияланым астына олар көп сөзге бармай, қысқа ғана: “Күтудеміз” деген жазба қалдырған.
Желі қолданушылары қос спортшыға жылы лебізін білдіріп, игі тілектерін жазды. Пікірлерде “бақытты болыңдар”, “денсаулық тілейміз”, “спортшылар отбасына береке” деген мазмұндағы құттықтаулар жиі кездеседі.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 3 тамызда Нариман Құрбанов Париждегі ХХХIII жазғы Олимпиадада Қазақстан құрамасына тарихи күміс медаль сыйлап, ел спортындағы маңызды жетістікті бағындырған.
Осы жарыстан кейін гимнаст жанкүйерлерінің назарын тағы бір мәлімдемесімен аудартқан. Ол көптен бері күткен сүйіктісіне үйленетінін айтқан болатын. Спортшының сөзінше, бұл уәде бірнеше жылдан бері айтылып жүрген.
Көп ұзамай 2024 жылдың қыркүйегінде Олимпиада жүлдегері уәдесінде тұрып, тойдан кадрларын бөліскен. Енді, міне ерлі-зайыптының өмірінде жаңа кезең басталғалы тұр — олар сәби күтіп отыр.