Севилья (толық атауы — Sevilla Fútbol Club, S.A.D.) — Испанияның Андалусия автономиясындағы Севилья қаласының футбол клубы, елдің жоғары дивизионы Ла Лигада өнер көрсетеді. Клуб 1890 жылы 25 қаңтарда «Севилья Фут-болл Клуб» деген ағылшын тіліндегі атпен құрылды және тек футболмен айналысатын испан спорт клубтарының ішінде Уэльвадағы «Рекреативодан» кейінгі ең көнесі саналады. 1905 жылы 14 қазанда клубтың жарғысы Херестен шыққан Хосе Луис Гальегос Арносаның төрағалығымен Севильяның азаматтық басқармасында тіркелді. Лақап аттары — Нервионенсес, Испаленсес, Паланганас, бланкиррохос (ақ-қызылдар) және рохибланкос; жанкүйерлері севильисталар деп аталады.
Қалада футболды XIX ғасырдың соңында Андалусия астанасындағы кәсіпорындардың иелері мен басшылары болған британдық диаспора таратты. Клуб шотландиялық Роберт Бернстің туған күніне арналған кеште (Burns Night) негізі қаланды: кафеде жиналған британдық, негізінен шотландиялық және испандық жастар клубты құрып, ассоциация ережелерімен ойнауды, атауында «футбол» сөзі болуын шешті. Клубтың құрылғаны туралы толық хабар 1890 жылғы 17 наурыздағы Dundee Courier газетінде жарияланды. Тұңғыш президент — Севильядағы британдық вице-консул, Испания мен Ұлыбритания арасында жүк тасымалдаған MacAndrews & Co. фирмасының тең иесі шотландиялық Эдвард Фаркуарсон Джонстон, алғашқы капитан — теңіз инженері Хью Макколл, алғашқы хатшы — Исайас Уайт болды. Исайас Уайттың шақыруымен 1890 жылғы 8 наурызда Севильяда «Уэльва Рекриэйшн Клубпен» кездесу өтті: бұл Испания тарихындағы алғашқы ресми матч болып есептеледі, Севилья 2:0 жеңіп, тарихтағы бірінші голды Ритсон соққан.
Қаладағы ең көне клуб ретінде Севилья ертедегі жергілікті бәсекеде үстемдік етті: 1912 жылы алғашқы Севилья Кубогын жеңіп алды, 1915–1940 жылдары өткізілген Оңтүстік аймақтық чемпионатта (Андалусия Кубогы) ойналған 20 турнирдің 17-сінде жеңіске жетті. 1917 жылы Испания Кубогына алғаш рет қатысып, турнирдің финалдық сатысына шыққан алғашқы андалусиялық команда атанды. 1928 жылы ұлттық лига құрылғанда клуб «Расинг Сантандерден» іріктеу матчында ұтылып, бірінші дивизионға іліне алмай қалды. 1933–34 маусымның соңында Ла Лигаға көтерілді.
Клубтың тұңғыш ұлттық жетістіктері азамат соғысынан кейінгі онжылдықта келді. 1939 жылы Барселонада өткен финалда «Расинг Ферролды» 6:2 жеңіп, Испания Кубогын алды, сол маусымда «Эркулеспен» 3:3-ке бітірген соңғы турда чемпиондықтан айырылды. Құрамындағы шабуыл шебі неміс бомбалаушысының атымен «стукалар» деп аталды: Лопес, Торрронтеги, Кампаналь, Раймундо, Беррокаль және Пепильо төрт маусымда 216 гол соқты. 1945–46 маусымда Севилья «Барселонадан» бір ұпай ілгері түсіп, тарихындағы жалғыз Ла Лига чемпионы атағына қол жеткізді. Клуб тағы төрт рет күміс жүлдегер болды (1939–40, 1942–43, 1950–51 және 1956–57). 1948 жылы 4 шілдеде Мадридте «Сельтаны» 4:1 жеңіп, кезекті Кубокты иеленді; Кубок финалдарында 1955 жылы «Атлетик Бильбаодан», 1962 жылы «Реал Мадридтен» ұтылды.
1950-жылдардағы басты толықтыру — Испания ұлттық құрамасының шабуылшысы Хуан Арса болды; ол 1954–55 маусымда Ла Лиганың ең мықты бомбардиры (Пичичи жүлдесі) атанды. 1953 жылы аргентиналық бапкер Элениo Эррера келіп, команда 1956–57 маусымда «Реал Мадридтен» кейінгі екінші орынға шығып, алғаш рет Еуропа чемпиондар кубогына жолдама алды. 1956 жылғы 28 қазанда 17 жыл клубты басқарған президент Рамон Санчес Писхуан қайтыс болды; үш Кубокты жеңген басшының еңбегін ескеріп, жанкүйерлер жоспарланған жаңа стадионды оның атымен атауды шешті. Орнына келген Рамон де Карранса Гомес 50 миллион песетаға қарыз міндеттемелері шығарып, құрылысты бастады.
«Рамон Санчес Писхуан» стадионын Мадридтегі «Сантьяго Бернабеудің» тең авторы, сәулетші Мануэль Муньос Монастерио жобалады; құрылыс 1954 жылы басталып, 1958 жылдың жазында бітті. Арена 1958 жылғы 7 қыркүйекте «Реал Хаэнмен» жолдастық матчпен ашылды, алғашқы ресми ойында Севилья «Реал Бетисті» 4:2 жеңді. 1974 жылы шығыс және батыс мінбелері салынып, сыйымдылық 70 мыңға жетті; 1982 жылғы әлем чемпионатына арена 66 мыңға дейін қысқарып, жаңа жарықтандыру мен бас қасбетте мозаика пайда болды. Онда әлем чемпионатының КСРО – Бразилия кездесуі және Франция – Батыс Германия жартыфиналы, 1986 жылы «Стеуа» «Барселонаны» жеңген Еуропа чемпиондар кубогының финалы өтті. 1990-жылдардың орта шенінде тұрып көруге арналған секторлар отыратын орындармен ауыстырылып, сыйымдылық 42 714 орынға дейін азайды. Испания құрамасы 1961 жылдан бері ареналарда 26 матч өткізіп, бірде ұтылмаған (21 жеңіс, 5 тең). Клубтың жаттығу базасы Ла Сьюдад Депортива 1974 жылы ашылды.
1970-жылдары клуб стадион құрылысынан қалған қарызды жабу үшін басты ойыншыларын сатуға мәжбүр болды: Мануэль Руис Соса «Атлетико Мадридке», Гальего «Барселонаға», Хуан Батиста Агуэро «Реал Мадридке» кетті, стадионға жапсарлас жердің бір бөлігі банкке берілді. 1967–68 маусымда команда 31 жылдан кейін алғаш екінші дивизионға түсіп, бір жылдан соң қайта көтерілді; қатаң тәртібі үшін «қамшы мырза» аталған австриялық бапкер Макс Меркельмен үшінші орын алды, бірақ 1972–73 маусымнан соң тағы түсіп кетті. 1973 жылы клуб тарихында алғаш рет қара нәсілді ойыншы — гамбиялық Бири Бири келіп, 1978 жылға дейін ойнап, жанкүйерлер арасында культтік тұлғаға айналды; оның атымен аталған ультрас топ бүгінге дейін бар. Аргентиналық Роке Олсенмен клуб 1974–75 маусымда Ла Лигаға қайтты, кейін Эктор Скотта мен Даниэль Бертони секілді аргентиналықтарды сатып алды. Мигель Муньос пен Маноло Кардоның басшылығымен 1981–1983 жылдары УЕФА Кубогында екі маусым қатарынан өнер көрсетті, 1989–90 маусымда Висенте Кантаторемен еурокубокқа жолдама алды, ал австриялық шабуылшы Тони Польстер клуб рекорды — чемпионатта 33 гол соқты.
1992–93 маусымда клуб бірнеше ай келіссөзден кейін «Наполиден» 7,5 миллион долларға Диего Марадонаны алды, бірақ жиі жарақаттары және бапкер Карлос Билардомен қақтығыстары салдарынан ойыншы босатылды. 1994–95 маусымда Луис Арагонеспен еурокубокқа жолдама алғанымен, Севилья әкімшілік себептермен «Сельтамен» бірге жоғары дивизионнан шығарылды; жанкүйерлердің қарсылығынан соң екі клуб та Ла Лигаға қайтарылды. Осыдан кейінгі тұрақсыздық кезінде бір маусымда төрт президент пен үш бапкер ауысты, 1996–97 маусымнан соң команда 22 жылдан кейін дивизион төмендетті, 1999 жылы оралып, 2000 жылы тағы түсті. Клуб аз танымал бапкер Хоакин Каппарросқа сенім білдіріп, ол алғашқы маусымында үш турды қалғанда екінші дивизион чемпионы атағын жеңіп алды.
2002 жылдың мамырында президенттікке севильялық заңгер Хосе Мария дель Нидо Бенавенте келіп, Каппарросты бапкер, Мончиді спорттық директор етіп қалдырды. 2004 және 2005 жылдары алтыншы орындар еурокубоктарға жол ашты, ал 2006 жылғы 10 мамырда Эйндховендегі финалда жаңа бапкер Хуанде Рамоспен Севилья ағылшынның «Мидлсбросын» 4:0 жеңіп, 58 жылдан кейінгі алғашқы ірі трофейі — УЕФА Кубогын иеленді (голдар — Луис Фабиано, екі рет Энцо Мареска және Фредерик Кануте). 2006 жылғы 25 тамызда Монакода «Барселонаны» 3:0 жеңіп, УЕФА Суперкубогын алды, ал маусым соңында Глазгодағы «Хэмпден Паркта» «Эспаньолмен» 2:2-ден кейінгі пенальти серияда (қақпашы Андрес Палоп үш соққыны тойтарды) УЕФА Кубогын қатарынан екінші рет жеңді. 2007 жылы «Хетафеге» қарсы финалда Кануте голымен Испания Кубогын, ал Ла Лига чемпионы «Реал Мадридті» жеңіп Испания Суперкубогын алды; чемпионаттағы үшінші орын 50 жылдан кейін Чемпиондар лигасына жол ашты. IFFHS халықаралық федерациясы клубты 2006 және 2007 жылдары әлемнің үздік командасы деп атады — мұндай марапатты қатарынан екі жыл алған бірінші клуб.
2007–08 маусым қайғымен басталды: маусымның алғашқы матчында қорғаушы Антонио Пуэртаның жүрегі тоқтап, үш күннен соң, 28 тамызда ол дүние салды. Бірнеше күннен кейін Севилья Монакодағы УЕФА Суперкубогында «Миланнан» 1:3 ұтылды, 27 қазанда Хуанде Рамос «Тоттенхэмге» кетіп, орнына Маноло Хименес келді. Клуб Чемпиондар лигасының топтық сатысында «Арсеналды» артқа тастап бірінші орынға шықты, бірақ 1/8 финалда пенальти серияда түрік «Фенербахчесінен» ұтылды. 2008 жылдың жазында Дани Алвес пен Сейду Кейта «Барселонаға», Кристиан Поульсен «Ювентусқа» сатылғанына қарамастан, команда 21 жеңіспен клуб рекордын қайталап, Ла Лигада үшінші орын алды. 2010 жылғы 19 мамырда «Камп Ноуда» өткен финалда Диего Капел мен Хесус Навастың голдарымен «Атлетико Мадридті» 2:0 жеңіп, Испания Кубогын алды; сол жылы Испанияның әлем чемпионатындағы жеңісіне орай трофей клубқа мәңгілік иелікке берілді.
2011 жылдың қаңтарында Хименесті Унаи Эмери ауыстырды. Қаржылық дағдарыс кезінде клуб Альваро Негредо мен Хесус Навасты жалпы 40 миллион еуроға сатып, орнына Карлос Бакка мен Кевин Гамейро сияқты жас ойыншыларды алды. 2014 жылғы 14 мамырда Еуропа лигасының финалында «Бенфиканы» пенальти серияда жеңіп, турнирдегі үшінші жеңісіне жетті; маусымнан кейін Иван Ракитич «Барселонаға» шамамен 16 миллион еуроға кетті. 2015 жылғы 27 мамырда Кшиштоф Крыховяк пен Бакканың дубльімен украинаның «Днепр Днепропетровск» клубын 3:2 жеңді, ал 2016 жылғы финалда үзіліске 0:1 есебімен шыққанымен, «Ливерпульді» 3:1 ұтты (Гамейро және екі рет капитан Коке). Осылайша Севилья Еуропа лигасын қатарынан үш рет алған жалғыз клуб атанды.
Эмери «Пари Сен-Жерменге» кеткен соң клубты Хорхе Сампаоли басқарып, құрамға Ганзо, Лусиано Вьетто, Уиссам Бен Йеддер, Франко Васкес, Хироси Киётаке, Пабло Сарабия, жалдамамен Сальваторе Сиригу мен Самир Насри қосылды. 2017–18 маусымда Эдуардо Беризцоны ауыстырған Винченцо Монтелламен команда Чемпиондар лигасының 1/8 финалында «Манчестер Юнайтедті» жеңіп, 60 жылдан кейін алғаш ширек финалға шықты, онда «Бавария Мюнхеннен» екі матч бойынша 1:2 ұтылды. 2019 жылы бас бапкер болып Хулен Лопетеги тағайындалды, оның басшылығымен 2020 жылы Еуропа лигасының жартыфиналында «Манчестер Юнайтед» 2:1 еңсеріліп, финалда «Интер» 3:2 жеңілді — бұл рекордтық алтыншы трофей болды. 2023 жылғы 31 мамырда «Ромамен» 1:1-ден кейінгі пенальти серияда 4:1 жеңіп, Севилья Еуропа лигасы/УЕФА Кубогының жеті мәрте иегері атағымен өз рекордын жаңартты.
Клуб тарихында 28 президент болды; ең ұзақ басқарғандар — Рамон Санчес Писхуан, Эухенио Монтес Кабесас, Хосе Мария дель Нидо Бенавенте, Луис Куэрвас Вильчес және Хосе Кастро Кармона. 1992 жылы Севилья спорттық акционерлік қоғамға айналды, содан бері президентті мүшелер емес, акционерлер сайлайды. Клубтың екі ресми әнұраны бар: 1983 жылғы ресми әнұран және 2005 жылы әнші Хавьер Лабандон «Эль Арребато» жазған жүз жылдық әнұраны — ол Испанияда бірінші нөмірлі синглге айналып, испан футболы тарихындағы ең көп тараған клуб әнұраны болды. Қазіргі эмблеманы 1922 жылы Пабло Родригес Бланко жасады: қалқан үш бөлікке бөлініп, жүрек сұлбасын құрайды, онда қаланың елтаңбасындағы әулиелер — Севильялық Изидор, Кастилия королі Фердинанд III және Севильялық Леандр, сол дәуірдің футбол добы мен клубтың ақ-қызыл жолақтары бейнеленген; 1905–1922 жылдары қолданылған «SFC» әріптері де сақталған.
Севилья — титул саны жөнінен Андалусиядағы ең табысты клуб: 18 Андалусия Кубогы, бір Ла Лига чемпиондығы, бес Испания Кубогы, бір Испания Суперкубогы, жеті УЕФА Кубогы/Еуропа лигасы және бір УЕФА Суперкубогы. Жеке жүлделер арасында Хуан Арсаның Пичичи жүлдесі (1955), Альваро Негредоның Сарра жүлдесі (2011, 2013) және Ясин Бононың Самора жүлдесі (2022) бар. 1958 жылы құрылған дубль құрамы «Севилья Атлетико» 2010 жылғы әлем чемпионы мен 2012 жылғы Еуропа чемпионы Серхио Рамос пен Хесус Навасты тәрбиеледі; әйелдер командасын клуб 2004 жылы CD Hispalis-тен сатып алды, ол 2005–06 маусымда чемпионат пен кубокта күміс жүлдегер болды.
Клубтың басты бәсекелесі — қаласы бір «Реал Бетис»; екі команда алғаш рет 1915 жылғы 8 қазанда кездесіп, Севилья 4:3 жеңді, ал Севилья дербиі Испания футболындағы ең маңызды дербилердің бірі саналады. Сондай-ақ «Атлетико Мадрид» пен «Валенсиямен» қарсыласу принципті болып есептеледі. Клубтың ұйымдасқан ультрас топтары арасында «Рамон Санчес Писхуанның» солтүстік мінбесінде орналасқан «Бирис Нортеге» 1974–75 маусымда Бири Бирдің атымен негіз салынды, ол Испаниядағы ең көне ультрас топтардың бірі. Жанкүйер клубтары негізінен Севилья қаласы мен Андалусияда, одан тыс Каталония мен Эстремадурада шоғырланған; көпшілігі «Сан-Фернандо» жанкүйер клубтары федерациясына кіреді. 1960 жылдан бері Гвадалквивир өзенінде Севилья мен «Бетис» арасында жыл сайынғы ескек есу жарысы өтеді, онда Севилья 47 жарыстың 30-ында жеңген.
Дереккөз: Уикипедия (CC BY-SA) · penalty.kz редакциясы қазақ тіліне бейімдеді