
Жібек Құламбаева Сербияның Куршумлия-Баня қаласында өтіп жатқан ITF турнирінде бір күнде екі бірдей матчта жеңіске жетті. WTA рейтингінде 337-орында тұрған спортшы қыз жекелей және жұптық сында қатарынан табысты өнер көрсетті.
Жібек 1/8 финал кезеңінде Түркия өкілі Айла Аксумен (WTA – 334) кортқа шықты. Үш сетке созылған кездесуде отандасымыз сенімді ойын көрсетіп, 6:2, 3:6, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Матч 1 сағат 58 минутқа созылды. Енді ол ширек финалда Мальта теннисшісі Франческа Курмимен (WTA – 369) кездеседі.
Қуламбаева британдық серіктесі Фрея Кристимен бірге жұптық жарыста да сәтті өнер көрсетуде. Олар ширек финалда Кэти Макнэлли (АҚШ) / Настасья Шунк (Германия) дуэтімен кортқа шығып, аса тартысты матчта 6:4, 6:7, 15:13 есебімен келесі айналымға өтті. Ойын тағдырын шешкен тай-брейк шынайы драмаға толы болды.