
36 жастағы спортшы жапон қарсыласын екі сетте жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Алматыда өтіп жатқан Almaty Open-2025 турнирінің алғашқы күні жанкүйерлерді қуантты. Кукушкин іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойында жапон спортшысы Таро Даниэлді сенімді түрде жеңді.
Кездесу 1 сағат 23 минутқа созылды. Алғашқы сет тартысты өтті — Кукушкин тай-брейкте 7:6 (7:3) есебімен жеңіске жетті. Екінші партияда ол толық басымдық танытып, 6:1 нәтижесімен матчты аяқтады.
Бұл қарсыластар бұған дейін үш рет кездесіп, барлығында да жеңіс Михаилдың еншісінде болған. Осылайша Кукушкин Таро Даниэлге қарсы статистикасын 4:0 есебіне жеткізді.
Енді Михаил Кукушкин келесі айналымда австралиялық Джеймс Даквортпен кездеседі. Бұл ойын Кукушкин үшін турнирдегі маңызды сынақтардың бірі болмақ, себебі жеңіс оған негізгі торға өту мүмкіндігін береді.