Елена Рыбакина 2026 жылғы алғашқы турниріне келді
Қазақстанның №1 теннисшісі, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина 2026 маусымын Австралияда бастайды. Ол Брисбенге жетіп, WTA күнтізбесіндегі жылдың алғашқы ірі додаларының бірі — Brisbane International (WTA 500) турниріне қатысады. Жарыс 4–11 қаңтар аралығында өтеді.
«2026-ға дайынбыз. Алға!»
Рыбакина Брисбендегі корттан түсірілген командалық фотоны Instagram сторисіне жариялап, қысқа да нұсқа жазба қалдырды: «2026-ға дайынбыз… Алға!»

Бұл турнир Еленаға жақсы таныс. Ол 2024 жылы дәл осы Брисбенде чемпион атанып, финалда Арина Соболенконы 6:0, 6:3 есебімен айқын жеңген.
2025 маусымы қалай өтті: екі WTA 500 және Эр-Риядтағы тарихи жеңіс
Өткен маусымда қазақстандық теннисші бірнеше ірі титулды қоржынға салды:
- Страсбург (WTA 500) — финалда Людмила Самсонованы 6:1, 6:7(2), 6:1 есебімен ұтты
- Нинбо (WTA 500) — шешуші матчта Екатерина Александровадан 3:6, 6:0, 6:2 есебімен басым түсті
- WTA Finals-2025 (Эр-Рияд) — финалда Соболенконы 6:3, 7:6(0) нәтижесімен жеңіп, маусымды нүктеледі.
Брисбендегі WTA 500 дәстүрлі түрде Australian Open алдындағы ең маңызды дайындық алаңдарының бірі саналады. Турнирге топ-ойыншылардың жиналуы да соны аңғартады.