Юлия Путинцева Қазақстан құрамасын Канадаға қарсы алға шығарды
Астанада Билли Джин Кинг кубогы-2026 іріктеу кезеңіндегі Қазақстан мен Канада құрамаларының кездесуі басталды.
Ойын екі сетке созылды
Алғашқы матчта кортқа Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева мен канадалық теннисші Кайла Кросс шықты. WTA рейтингінде Путинцева 74-орында тұрса, қарсыласы 198-сатыда орналасқан.
Кездесу қорытындысы бойынша Путинцева 6:3, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Ойын 1 сағат 36 минутқа созылды.
Осылайша Юлия Қазақстан құрамасына Канадаға қарсы текетіресте алғашқы ұпайды сыйлап, есепті 1:0-ге жеткізді.
Соня Жиенбаева кортқа шығады
Келесі ойында Қазақстан сапынан Соня Жиенбаева кортқа шығады. Оның қарсыласы — US Open-2019 турнирінің чемпионы, канадалық Бьянка Андрееску. Қазір Жиенбаева WTA рейтингінде 1023-орында болса, Андрееску 130-сатыда келеді.
Айта кетейік, бұл бәсекеде командалар әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама үшін сынға түсуде. Қарсыласу бес ойыннан тұрады, ал серияда үш жеңіске бірінші жеткен құрама келесі кезеңге өтеді. Матчтар Астанадағы жабық ғимараттағы грунт төсенішінде өтіп жатыр.