Александр Бублик қарсыласын бір сағатта тізе бүктіріп, жартылай финалға шықты
Қазақстанның бірінші ракеткасы Кицбюэль қаласында ATP 250 санатындағы турнирдің жартылай финалына жолдама алды.
Бублик Молчанды екі сетте жеңді
Әлемдік рейтингте 11-орында тұрған Бублик турнирдің бірінші ракеткасы ретінде сынға түсіп жатыр. Ширек финалда оның қарсыласы ATP рейтингінің 81-сатысындағы Алекс Молчан болды.
Қазақстандық теннисші кездесуді жоғары қарқында өткізіп, қарсыласына айтарлықтай мүмкіндік берген жоқ. Матч 6:3, 6:2 есебімен Бубликтің жеңісімен аяқталды.
Финал жолдамасы үшін кіммен ойнайды?
Александр Бублик жартылай финалда аргентиналық Томас Мартин Этчеверримен кездеседі. ATP рейтингінде 31-орында тұрған Этчеверри ширек финалда перулік Игнасио Бусені 6:2, 7:5 есебімен жеңді.
Александр Бублик Кицбюэльдегі турнирдің қазіргі чемпионы саналады. Қазақстандық теннисші биылғы жарыстағы алғашқы кездесуінде аргентиналық Факундо Диас Акостаны 6:3, 7:5 есебімен ұтқан еді.
Енді ол былтырғы жетістігін қайталап, чемпиондық атағын қорғауға екі қадам қалды.
Бублик қанша сыйақы алды?
Generali Open турнирінің жалпы жүлде қоры – 612 620 еуро. Жартылай финалға шыққаны үшін Александр Бублик:
- 31 955 еуро сыйақы;
- ATP рейтингінде 100 ұпай алады.
Ал турнир жеңімпазына 93 175 еуро және 250 рейтингтік ұпай беріледі.