
Thailand Open-2025 халықаралық бокс турнирінде Қазақстан құрамасының дарынды өкілі Төрехан Сабырхан финалға жолдама алды.
Төрехан Сабырхан финал жолдамасы үшін қырғызстандық Ихтияр Нишоновпен жұдырықтасты. Үш раундқа созылған кездесуде Сабырхан қарсыласына еш мүмкіндік бермей, толық үстемдік көрсетті. Барлық төреші (5:0) қазақстандық боксшының жеңісін мойындады.
Нәтижесінде Төрехан финалға өтті, ал Нишонов қола медальмен шектелді.
Айта кету керек, Төрехан Сабырхан — жастар арасында төрт дүркін Азия чемпионы атанған әлемдегі жалғыз боксшы. Сонымен қатар жастар арасындағы әлем чемпионатының алтын жүлдегері, әрі 2025 жылдың сәуірінде кәсіби бокста сәтті дебют жасаған.
Оның ағасы — Махмұт Сабырхан да Қазақстан құрамасының белді спортшысы әрі бірнеше халықаралық жарыстың жеңімпазы.
"Сабырхан – ерекше техникасы, төзімділігі және шабуыл стилі арқылы әлем аренасында көзге түсіп келе жатқан боксшы", – деп баға беруде спорт сарапшылары.
Thailand Open турнирінің шешуші кезеңінде Төрехан алтын медаль үшін таласады. Бұл – оның әуесқой бокстағы үздік формасын тағы бір дәлелдеу мүмкіндігі болмақ.