
Қазақстандық боксшы қыз Балауса Мұздыман 6 маусым күні шаршы алаңға қайта оралады. Бұған дейін жекпе-жек белгісіз себептермен тоқтатылған еді.
Қазақстандық белгілі боксшы Балауса Мұздыман 6 маусым күні ақыры шаршы алаңға шығатын болды. Бұл туралы ол өзінің Инстаграм-парақшасында хабарлады. Бұған дейін жекпе-жек белгісіз себептермен кейінге шегерілген болатын. Алайда бірнеше отандық промоушен бірігіп, кешті қайта жандандыруға атсалысқан.
Спортшы Instagram парақшасында жекпе-жек өтетіні туралы қуанышты жаңалықпен бөлісті:
«Мені қуантатыны барлық қазақстандық промоушендар бірігіп, осындай бір қиын жағдайда ауызбіршілік танытып, барлығын өздері ұйымдастырып, алтыншы маусым күні мен секілді басқа да боксшыларға бой ұйымдастырып беретінін айтты», – деді Балауса Мұздыман.
Балауса Мұздыман бірнеше апта бойы арнайы жаттығу лагерінен өтіп, кәсіби деңгейде дайындық жүргізген. Салмақ түсіру, физикалық әрі психологиялық қалыпқа келу – барлығы жоспарға сай жүзеге асқан. Алайда жекпе-жекке небәрі үш күн қалғанда ұйымдастырушылар бәсекенің өтпейтінін хабарлаған.
«Әрине бұл біз үшін өте үлкен стресс болды. Мен басқа спортшыларды да түсініп тұрмын. Өйткені оңай емес. Қаншама дайындықтан өткеннен кейін қаншама тер төгіп еңбектенгеннен кейін бұл белгісіз бір себептермен болмайды деген дұрыс емес деп ойлаймын. Және де бір қуантарлық жағдай менің бапкерім, командам барлығы менің қасымда болды. Және де ешқандай уайымдамай бұл проблеманы шешетіндерін айтты», – деді спортшы.
6 маусымға жоспарланған тағы бір маңызды жекпе-жек – Әнуар «Мотиватор» Бекембетов пен Мұхит Амантаев арасындағы кездесу өтпейтіні хабарланған болатын. Бұл ақпаратты турнирді ұйымдастырмақ болған AllStarsBoxing промоушені Instagram парақшасында жариялады.
Айта кетейік, Әнуарбек Бекембетов – спортшы әрі танымал блогер ретінде танылса, Мұхит Амантаев – бұрынғы кәсіпқой боксшы. Соңғы айларда олардың арасында әлеуметтік желілерде пікір қайшылығы орын алып, бұл кездесу жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырған еді.