
Ертуған Зейноллинов Астанада өтіп жатқан World Boxing кубогының ширек финалында жеңіске жетіп, кемі қола медаль иегері атанды.
65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Зейноллинов ширек финалда Франция өкілі Юго Гроға қарсы рингке шықты. Үш раунд бойы үстемдік танытқан қазақстандық боксшы төрешілердің бір ауыздан шыққан шешімімен (5:0) жарқын жеңіске жетті.
Осы нәтижемен Ертуған кубоктың жартылай финалына жолдама алды және кемінде қола жүлдені қамтамасыз етті. Ал француз боксшысы Юго Гро турнирден жүлдесіз кетті.
Зейноллинов – Қазақстан чемпионы, студенттер арасындағы әлем чемпионы, сондай-ақ жастар арасындағы Азия біріншілігінің қола жүлдегері. Ерекше айта кетерлігі, Ертуған ел чемпионы атанғаннан кейінгі сұхбатында:
"Бокс жаттығуларымен қатар, күнделікті курьерлік жұмыс істеп жүрдім. Армандар орындалады, егер сен еңбектенсең", – деп шынайы әңгімесімен елді тәнті еткен болатын.