
"Қазақ Ломаченкосының" інісі атанған Төрехан Сабырханның 2025 жылы Ливерпульдегі әлем чемпионатына қатысатыны белгілі болды.
Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов 4–14 қыркүйек аралығында өтетін додаға қатысатын боксшылар тізімін жария етті.
"Әрине, кейбір салмақтар бойынша сұрақтар бар. Алда бірнеше жарыс бар — сол жерде бәрі шешіледі. Бұл турнирге мықтылардың бәрі келді. Жігіттерге оңай болған жоқ, жарақат алғандар да аз емес. Бәрі Алланың қолында. Бірақ бірінші орынды алған жігіттер Ливерпульге барады", — деді Қайрат Сәтжанов.
Оның айтуынша, 70 келі салмақта Қазақстан намысын Төрехан Сабырхан қорғауы мүмкін. Бұл салмақта бастапқыда Абылайхан Жүсіпов бірінші нөмір ретінде ұсынылған. Бірақ қазір басты үміткер — Төрехан.
"Біз бастапқыда Абылайханды бірінші нөмір ретінде ұсындық, Төрехан екінші болды. Енді, Алла қаласа, Ливерпульде Төреханды көреміз", — деді бапкер.
Төрехан Сабырхан соңғы төрт жылда Өзбекстанның бес бірдей боксшысын жеңіп, “өзбек боксының кошмары” атанды. Жанкүйерлер мен сарапшылар оны шапшаңдығы, тактикалық ойыны және жүйкеге салмақ түсіретін стилі үшін ерекше бағалайды.