"Мен ең ұлы емеспін": Хабиб Нурмагомедов бұл атаққа кім лайық екенін ашық айтты

Сарапшы, спорт журналисі

29 жеңіске жетіп, бірде-бір рет жеңілмеген ол өзін тарихтағы ең ұлы файтер деп есептемейтінін ашық айтты. Хабибтің айтуынша, бұл атаққа Фёдор Емельяненко мен Джон Джонс лайық.

"Мен ең ұлы емеспін": Хабиб Нурмагомедов бұл атаққа кім лайық екенін ашық айтты
Sportburo.kz

UFC жеңіл салмақтағы (70 келіге дейін) бұрынғы чемпионы, 36 жастағы Хабиб Нурмагомедов, өзін аралас жекпе-жек тарихындағы ең ұлы файтер деп есептемейтінін мәлімдеді. Бұл туралы ол YouTube-тағы adam zubayraev арнасына берген сұхбатында айтты.

«Ең ұлы емеспін»: Хабибтің шынайы мойындауы

«Өзімді ешқашан ең ұлы деп санамадым. Ондай ой да болған емес. Бұл спортпен айналысқан үздіктердің бірі — иә, алғашқы ондыққа, он бестікке енуім мүмкін. Бірақ барлығынан ұлы болдым деу — жоқ. Чемпиондық белбеу алмас бұрын мен үшін ең үздік Фёдор Емельяненко болды. Қазір бірінші орынға Фёдор мен Джон Джонсты қатар қоямын», — деді Хабиб.

Хабибтің мансаптағы соңғы жекпе-жегі

Хабиб Нурмагомедов 2020 жылдың 24 қазанында UFC 254 турнирінде соңғы рет октагонға шыққан болатын. Абу-Даби маңындағы Яс аралында өткен жекпе-жекте ол жеңіл салмақтағы уақытша чемпион, америкалық Джастин Гэтжимен кездесіп, екінші раундта "triangle choke" әдісімен жеңіске жеткен еді. Бұл оның мансаптағы 29-шы жеңісі болды. Жекпе-жектен кейін Хабиб ММА-дағы мансабын аяқтағанын жариялады.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 1
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір