
Семейде бокстан Қазақстан чемпионатының финалдық кезеңі күтпеген сәттерге толы болды. Әйелдер арасындағы 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Ақмола облысының өкілі Валерия Аксенова ел чемпионы атанды.
Финалдық жекпе-жекте Аксенова Алматы қаласының боксшысы Әсел Тоқтасынмен кездесіп, төрешілер шешімімен 4:1 есебімен жеңіске жетті. Айқастың алғашқы раундында Тоқтасын нокдаунға түсіп, төреші санау жүргізген.
Үш раундқа созылған қарқынды жекпе-жекте Валерия қарсыласынан басым түсіп, 2025 жылғы Қазақстан чемпионатының алтын медалін жеңіп алды. Ал Әсел Тоқтасын күміс жүлдегер атанды.
Биылғы ел чемпионаты ерекше форматта өтті. Семейде өткен дода алғаш рет World Boxing ұйымының жаңа ережелері мен салмақ категориялары бойынша ұйымдастырылды.
Бұл чемпионат — әйелдер боксы үшін де маңызды белес. Сарапшылардың пікірінше, Аксенованың финалдағы сенімді жеңісі оның халықаралық аренада да әлеуеті зор екенін көрсетті.