Алматыда Octagon 82 турнирінде ММА дебютін өткізген қазақстандық актер Нұрдәулет Төлепберген мен Өзбекстаннан келген Жасурбек Жураев жекпе-жектен кейінгі жанжалға байланысты дисквалификацияланды.
Нұрдәулет Төлепберген кәсіби деңгейде аралас жекпе-жекте дебют жасады. Оның қарсыласы Өзбекстаннан келген, рекорды 2-1 болып тіркелген Жасурбек Жураев болды. Спортшыны жанкүйерлер «Тайсон» деген лақап атымен жақсы біледі.
Кездесу өте тартысты өткенімен соңғы сөзді өзбекстандық файтер айтты.
Үшінші раундта Жураев бірінен соң бірі жасалған ауыр соққылар сериясын дарытып, Нұрдәулет Төлепбергенді қорғаныссыз қалдырды. Сол сәтте рефери жекпе-жекті тоқтатып, техникалық нокаутпен жеңісті «Тайсонға» жазды.
Осылайша бастапқыда ресми нәтиже ретінде өзбекстандық спортшының ТКО арқылы жеңісі жарияланды.
Алайда оқиға нокаутпен аяқталған жоқ. Жекпе-жек біткеннен кейін октагонда спорттық этикаға сай келмейтін, эмоцияға берілген әрекеттер болды.
Турнир ұйымдастырушылары мен қазылар алқасы болған жағдайды қарап шығып, қатаң шешім қабылдады.
Нұрдәулет Төлепберген де, Жасурбек Жураев та жекпе-жектен кейінгі әрекеті үшін дисквалификацияланды. Соның салдарынан жекпе-жектің бастапқыда жарияланған нәтижесі өзгертілді.