Екі боксшы арасындағы жекпе-жек желтоқсанның 7-сі күні өтуі тиіс болған.
WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы Эрисланди Лара допинг дауына байланысты тоқтатылған жекпе-жекке қатысты өз ойын ашық айтып, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлына тіл тигізді.
7 желтоқсан күні Сан-Антониода (АҚШ) өтуі тиіс болған Жәнібек Әлімханұлы – Эрисланди Лара арасындағы титулдық айқас допингке қатысты жанжалдан кейін өтпейтіні жарияланған еді. VADA өткізген допинг-тесттің бір сынамасынан мельдоний табылып, Әлімханұлы кардтан шығарылды. Осыған байланысты ұйымдастырушылар Лараға шұғыл түрде жаңа қарсылас іздеп тапты. Ол - Венесуэла боксшысы Йохан Гонсалес.
Сондықтан болар, ашық жаттығу кезінде Лара бұрынғы қарсыласы туралы өте қатқыл сөйледі.
«Мен үшін қарсыластың кім екені маңызды емес. Біз тамаша дайындалдық. Оның (Жәнібектің) атын атағым да келмейді — бұған лайық емес. Мен тек жекпе-жекті асыға күтіп жүрмін», — деді Лара.
«Мен тек алға жылжимын. PBC ұйымы маған 7 желтоқсанда рингке шығуға мүмкіндік берді — соған қуаныштымын. Ал Жәнібек туралы… Бұл жерде оның есімін атаудың да қажеті шамалы. Ол жай ғана нақұрыс», — деді кубалық чемпион.