Сербиядағы 2023 жылғы әлем чемпионатының вице-чемпионы, танымал қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов екі жылға спорттан шеттетілді. Бұл туралы Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) мен бірқатар спорттық басылымдар хабарлады.
Мәліметке сәйкес ITA Дулат Бекбауовқа антидопингтік ережелерді бұзғаны (ADRV) үшін екі жыл дисквалификация тағайындады. Шешім Дүниежүзілік антидопинг кодексінің 2.4-бабына негізделген – боксшы 12 ай ішінде үш рет өзінің орналасу туралы мәліметін дұрыс бермеген.
Дисквалификация мерзімі: 2025 жылғы 18 қараша – 2027 жылғы 17 қараша
Бекбауовтың 2025 жылғы 1 қаңтардан бергі барлық спорттық нәтижелері күшін жойды.
Ең маңыздысы – Дулат Бекбауов ITA келтірген фактілермен дауласпай, жазаны сол күйі қабылдаған. Яғни бұл жағдай классикалық «допинг сынамасынан тыйым салынған зат табылды» деген емес, орналасу туралы ақпаратты уақытылы бермеу салдарынан туған дисквалификация.
Дулат Бекбауовты жанкүйерлер 2023 жылы ерекше таныды. Сол жылың мамырда Ташкентте өткен әлем чемпионатында 67 келіге дейінгі салмақта финалға дейін жетіп, жарыстың сенсацияларының біріне айналды.
Алтын үшін жекпе-жекте ринг қожайыны Асадхуджа Муйдинхуджаевтан жеңіліп, әлемнің күміс жүлдегері атанды
Одан кейін Бекбауов олимпиадалық лицензия үшін де күресіп көрді. Астанада өткен супер-турнирде (63,5 келіге дейінгі салмақ) бақ сынап, Париж Олимпиадасына жолдамасыз қалды.
2024 жылы Дулат өзіне ыңғайлы саналған жартылай орта салмаққа (69–67 кг) қайта оралып, Азия чемпионатында финалға дейін жетті. Бірақ тағы бір өзбек боксшысы Мужибилло Турсуновқа есе жіберіп, құрлықтық біріншіліктің күмісін қанағат тұтты
Осылайша қысқа уақыт ішінде әлемдік деңгейде танылған қазақстандық боксшының амбициясына екі жылдық дисквалификация салмақты соққы болып тұр.
Маңызды жайт: Дулат Бекбауовтың дисквалификациясы оны кәсіби бокстан толық шеттетпейді. Антидопингтік жазалар, әдетте ұлттық құрамалар, халықаралық әуесқой турнирлер, олимпиадалық іріктеу жарыстары секілді жарыстарға қатысты қолданылады.
Сондықтан Дулаттың кәсіби мансабын бастауына немесе жалғастыруына формальды түрде тыйым жоқ. Егер ол командасымен бірге дұрыс шешім қабылдаса, екі жылдық үзілісті профи рингте тәжірибе жинауға қолдана алады.