2024 жылғы Қазақстан чемпионы Ертуған Зейнуллинов Дубайда өтіп жатқан IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионатында 63,5 келіге дейінгі салмақта жартылай финалдық жекпе-жек өткізді. Қазақ боксшысының финалға жолдамасы Ресей өкілі Илья Поповпен болған айқаста қазылар шешіміне тәуелді болды.
Алғашқы үш минутта Ертуған Зейнуллинов өз стилін бірден жүргізіп, қарсыласын жиі қапы қалдырды. Қазақ боксшысы қашықтықты сәтті бақылап, жылдам аяқ жұмысы мен дәл джебтері арқылы шабуылда да, қорғаныста да басым түсті. Қарсыласының алға ұмтылған бірнеше шабуылын қарсы соққымен тоқтатып отырды.
Раунд қорытындысы бойынша қазылар алқасы 4:1 есебімен басымдықты Зейнуллиновқа берді. Бұл нәтиже Ертуғанның жекпе-жекті сенімді бастағанын көрсетті.
Екінші раундта Илья Попов тактикасын өзгертті. Ресейлік боксшы алға көбірек ұмтылып, қуатты соққыларын іске қосуға тырысты. Оның қысымы артып, жақын қашықтықтағы шабуылдары жиілей түсті. Ертуған қорғанысқа көбірек мән беріп, қарсыласының басым соққыларын өткізіп алмауға тырысты, дегенмен раунд ішінде Поповтың сәтті комбинациялары да кездесті.
Нәтижесінде екінші үш минуттықты қазылар 3:2 есебімен ресейлік боксшының пайдасына жазды. Есеп жақындап, интрига одан сайын күшейді.
Шешуші үшінші раундта ресейлік боксшы шаршаса да, алға қарай үнемі қысым жасап, жекпе-жекті өз қолына алуға тырысты.
Илья Попов үнемі жақындай беріп, күшті соққыларын өткізуге ұмтылды. Ал Ертуған Зейнуллинов оны дер кезінде қарсылап, дистанцияда ұстап, уақытылы қарсы соққылармен тоқтатуға тырысты.
Раунд соңына дейін екі боксшы да қарқынын түсірмей, финал жолдамасы үшін соңғы секундқа дейін күресті.
Қазақстандық чемпион мен ресейлік арасындағы жартылай финалдық жекпе-жекте кімнің финалға жолдама алғанын төрешілердің ұпай парақтары анықтап, жеңіс Поповқа берілді.
Бұл кездесу 63,5 келі салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионатының ең шиеленісті жекпе-жектерінің бірі ретінде есте қалды.