Бокстан әлем чемпионы мансабын аяқтау себебін айтты
Қазақстан боксының белді өкілі, әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов әуесқой бокстағы мансабын не үшін тоқтатқанын түсіндірді.
Бәріне жарақат кінәлі
Бекзат Нұрдәулетовтің айтуынша, негізгі себеп — денсаулығына байланысты алған жарақат.
"Жарақатқа байланысты әуесқой бокстағы мансабымды аяқтауға шешім қабылдадым. Бұл қадамды дәрігермен, бапкерлермен және отбасыммен кеңесе отырып жасадым. Әйтпесе Лос-Анджелестегі Олимпиадаға қатысқым келетін. Бірақ ерте ме, кеш пе бәрі аяқталады.
Дегенмен кәсіби бокстан толық кеттім деп айта алмаймын. Ұсыныстар түсіп жатыр, мүмкін кәсіби рингтегі жекпе-жектерім жалғасуы да ықтимал. Бұл қазіргі қызметіме кедергі келтірмейді", — деді Нұрдәулетов.
Нұрдәулетовтің басты жетістіктері
Бекзат Нұрдәулетов — Қазақстан құрамасының тәжірибелі былғары қолғап шебері. Ол халықаралық аренада бірқатар ірі жарыста топ жарған:
- 2019 жылғы әлем чемпионы (Екатеринбург)
- 2024 жылғы Азия чемпионы (Чиангмай, Таиланд)
- World Boxing аясындағы 2025 жылғы Әлем кубогының жеңімпазы (Астана)
- Токио-2020 Олимпиадасының қатысушысы
- World Boxing бойынша Ливерпульдегі әлем чемпионатына, сондай-ақ IBA нұсқасымен Дубайдағы әлем біріншілігіне қатысқан
Айта кетейік, Бекзат Нұрдәулетов Маңғыстау облысындағы бокстан олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернаты директоры боп тағайындалды.