Кәсіпқой боксшы, IBF/WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг ісінде жаңа ақпарат шықты. Спортшының менеджері Берік Сұлтан В-сынама нәтижесі А-сынамадағы көрсеткішпен сәйкес келгенін ресми түрде растады.
Менеджер әлеуметтік желіде түрлі қауесет көбейгенін атап өтіп, жанкүйерлерді шатастырмау үшін жағдайды “бірінші ауыздан” жеткізуді жөн көргенін айтты. Оның сөзінше, интернетте Жәнібекке төрт жылға шеттету, екі титулдан айыру сияқты нақты расталмаған хабарлар тараған.
Берік Сұлтанның мәлімдеуінше, В-сынама нәтижесі А-сынамаға ұқсас болып шыққан. Дегенмен ол бұл фактінің өзі спортшының тыйым салынған препаратты әдейі қабылдағанын дәлелдемейтінін баса айтты.
Сұлтанның айтуынша, Әлімханұлы допинг қолданбаған және қолданбайды, ол кәсіби спортшы ретінде талаптарды сақтайды.
Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсанында Әлімханұлы тапсырған допинг-тесттен мельдоний анықталған. Соның салдарынан оның WBC чемпионы, кубалық Эрисланди Ларамен жоспарланған біріктіру жекпе-жегі өтпей қалды.
Кейін команда талап етіп, В-сынама ашылған. Бұған дейін Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рақымжан Ерденбеков те В-сынамада тыйым салынған зат табылғанын растаған.
Алдағы кезеңде шешім допингке қарсы ұйымдардың рәсімдері мен қорытындысына байланысты қабылданады. Команда тарапы болса, спортшының кінәсіз екенін дәлелдеуге күш салатынын меңзеді.