"Қазақтың нокаут королі" IBF титулы үшін шешуші айқасқа шығады

Сарапшы, спорт журналисі

Кәсіпқой боксшы Сұлтан Зәуірбек әлемдік титулға бір қадам жақындай түсті.

"Қазақтың нокаут королі" IBF титулы үшін шешуші айқасқа шығады
instagram/@sultanzaurbek

Қарсыласы анықталды

Сұлтан Зәуірбек (20-0, 13 KO) келесі жекпе-жегінде австралиялық Джексон Инглэндпен (19-3, 10 KO) қолғап түйістіреді. Бұл туралы боксшының өзі әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Айқас 27 маусым күні Австралияның Перт қаласында өтеді.

Бұл жекпе-жек IBF тұжырымы бойынша іріктеу кездесуі саналады. Яғни жеңіске жеткені әлем чемпионы титулына міндетті үміткер мәртебесіне ие болады. Қазір бұл белбеу мексикалық Эмануэль Наварретеге (40-2-1, 33 KO) тиесілі.

Сұлтан Зәуірбек алдағы айқастың маңызын ерекше атап өтті.

“Уақыты келді. Бұл жай ғана жекпе-жек емес — бұл әлемдік титулға бастайтын жол”, — деп жазды.

Соңғы жекпе-жегінде маңызды титул жеңіп алған

Еске салсақ, Зәуірбек соңғы рет былтыр 5 сәуірде Астанада шаршы алаңға шыққан. Сол кезде оңтүстікафрикалық Азинга Фузилемен (18-3, 12 KO) 12 раунд бойы жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті.

Осы жеңістің арқасында қазақстандық боксшы екінші жеңіл салмақтағы IBF Inter-Continental титулын иеленді.