"Монстрдан" жеңілген өзбек боксының жұлдызы енді "Торпедомен" жұдырықтасады

Сарапшы, спорт журналисі

Муроджон Ахмадалиев ұзақ үзілістен кейін шаршы алаңға қайта оралмақ. 

"Монстрдан" жеңілген өзбек боксының жұлдызы енді "Торпедомен" жұдырықтасады
instagram/@murodjon_akhmadaliev

Ахмадалиев рингке қайта шығады

Өзбекстандық былғары қолғап шебері Муроджон Ахмадалиев абсолютті әлем чемпионы атағы үшін өткен сәтсіз жекпе-жектен кейін сегіз ай өткен соң үлкен бокс кешіне оралады. Мәліметке сәйкес, Ахмадалиев 29 мамыр күні Ташкенттегі бокс кешінің басты жекпе-жегінде өнер көрсетеді. Бұл кеште оған венесуэлалық қарсылас Хегли Москеда қарсы тұрады.

Венесуэла өкілі Хегли Москеда кәсіпқой бокста қауіпті қарсыластардың бірі саналады. Лақап аты — “El Torpedo”. Ол кәсіби мансабында 27 жеңіске жетіп, соның 20-сын нокаутпен аяқтаған.

Соңғы жекпе-жегінде отандасы Нестор Гонсалеспен қолғап түйістірді. Бұл кездесуде қарсыласын мерзімінен бұрын жеңе алмағанымен сегіз раунд қорытындысында төрешілердің бірауызды шешімімен басым түсті.

Наоя Иноуэден кейінгі алғашқы сынақ

Ал Муроджон Ахмадалиев соңғы рет Токиода жапониялық атақты Наоя Иноуэге қарсы жеңіліс тапқан еді. Бұл айқас өзбек боксшысы үшін өте ауыр соққы болды.

Сол сәтсіздіктен кейін Ахмадалиев біраз уақыт үзіліс алып, физикалық және психологиялық тұрғыдан қалпына келуді жөн көрді. Енді туған жеріндегі жанкүйерлер алдында жеңіс жолына қайта түсуге ниетті.

Ташкенттегі кеште тартыс күшейеді

Сарапшылардың пікірінше, Хегли Москеда — Ахмадалиев үшін қолайлы әрі қауіпті қарсылас. Себебі екі боксшы да шабуылға бейім, нокаут іздеуді жақсы көреді. Сондықтан бұл жекпе-жек жанкүйерлерге тартысты әрі әсерлі бокс сыйлауы мүмкін.

Олимпиада чемпиондары да шаршы алаңға шығады

Ташкенттегі бұл бокс кешінде тек Ахмадалиев емес, өзбекстандық Олимпиада чемпиондары да өнер көрсетеді. Атап айтқанда, рингке:

  • Абдумалик Халоков
  • Лазизбек Муллажонов шығуы тиіс.

Айта кетейік, Лазизбек Муллажонов қазіргі уақытта допингке байланысты шеттетілген спортшы ретінде аталып жүр.