Назым Қызайбайдың жаңа салмақта жеңілу себебі айтылды

Сарапшы, спорт журналисі

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Назым Қызайбайдың жаңа салмақтағы сәтсіздігіне қатысты пікір білдірді

Назым Қызайбайдың жаңа салмақта жеңілу себебі айтылды
24.kz

Жаңа салмақтағы алғашқы турнир

Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында World Boxing аясындағы әлем кубогының алғашқы кезеңінде Назым Қызайбай күтпеген жерден жарысты ерте аяқтады. Үш дүркін әлем чемпионы, Париж-2024 Олимпиадасының қола жүлдегері 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі 1/8 финалда польшалық Виктория Рогалиньскадан жеңіліп қалды.

Айта кетейік, бұл 32 жастағы қазақстандық спортшының жаңа салмақтағы алғашқы жарысы болды. Осыған байланысты оның өнеріне баға берген мамандар да аз емес.

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Назымның алғашқы бапкері Жұмабек Өмірзақов бұл нәтиже өзін таңғалдырмағанын айтты.

“Жекпе-жек жоспары дұрыс құрылмаған”

Маманның айтуынша, Назымның бокс мектебі жоғары деңгейде. Алайда соңғы кезде жекпе-жекке дайындау мен тактикалық жоспар құруда кемшілік байқалады.

“Назымның жеңілгеніне таңғалмадым. Оның мектебі мықты, қолынан көп нәрсе келеді. Бірақ соңғы уақытта бапкерлері оны жекпе-жекке дұрыс дайындамай жүр деп ойлаймын. Жоспарлау жағы әлсіз. Егер қарсыласы физикалық тұрғыдан өте мықты болса, ол бірден байқалар еді. Мұнда негізгі мәселе — жекпе-жекті дұрыс құра алмауда”, — деді Жұмабек Өмірзақов.

Оның сөзінше, Назым рингте үнемі алға ұмтылып, кей тұстарда бастаманы физикалық күшпен тартып алуға тырысқан. Бірақ әр қарсыласқа бірдей тәсіл қолдану жеңіске жеткізе бермейді.

“Ол кей сәттерде басымдықты техникамен емес, физикалық тұрғыда алуға тырысты. Бірақ барлық қарсыласпен бірдей бокстасуға болмайды. Әр спортшының мүмкіндігін ескеріп, соған сай тактика құру керек. Осыны өзгертпейінше, алдағы нәтиже де жақсара қоймайды”, — деп қосты маман.

Әлем кубогында бүгін тағы кімдер жұдырықтасады?

Бүгін, 23 сәуірде әлем кубогы кезеңінің төртінші жарыс күні өтеді. 1/8 финалда Қазақстан құрамасынан тағы үш боксшы шаршы алаңға шығады:

  • Мұхамедсабыр Базарбайұлы — 65 келіге дейін
  • Алуа Балқыбекова — 51 келіге дейін
  • Аида Әбікеева — 65 келіге дейін