"Әлемді тағы дүр сілкіндіреміз": Жәнібек Әлімханұлы рингке оралуы туралы мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы

Qazaq Style алдағы жекпе-жек алдында жанкүйерлеріне жігерлі үндеу жолдады.

"Әлемді тағы дүр сілкіндіреміз": Жәнібек Әлімханұлы рингке оралуы туралы мәлімдеме жасады (ВИДЕО)
Instagram/@janibek_alimkhanuly

"Көк байрақты биікке көтереміз" 

Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жаттығу сәтінен видео бөлісті. Бейнежазбада боксшының қаппен жұмыс істеп, алдағы кездесуге тыңғылықты дайындалып жатқаны көрінеді.

Орта салмақта WBO белбеуінің иегері дайындықтың қарқынды жүріп жатқанын айтып, рингке бұрынғыдан да мықты болып оралатынын жеткізді.

Жәнібек Әлімханұлы Instagram желісіндегі жазбасында жанкүйерлеріне ерекше уәде берді. Ол бәрі жоспар бойынша өтсе, рингке жаңа деңгейде оралатынын атап өтті.

"Дайындық толық қарқынмен жүріп жатыр! Бәрі жақсы болса, рингке мүлде басқа деңгейде ораламыз және бұрынғыдай әлемді тағы талай дүр сілкіндіреміз! Көк байрағымызды биікке көтеріп, ел намысын асқақтатамыз!", — деп жазды боксшы.

Дисквалификация мерзімін өтеп жатыр

Қазір Жәнібек Әлімханұлы желтоқсандағы допинг дауына байланысты бір жылдық шеттету жазасын өтеп жатыр. Боксшының дисквалификация мерзімі желтоқсан айында аяқталады.

Сол кезеңде қазақстандық боксшыны маңызды жекпе-жек күтіп тұр. Бұрын IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған Әлімханұлы WBO титулын уақытша чемпион, британиялық Дензел Бентлиге қарсы қорғауы тиіс.

Дайындықтың алғашқы кезеңі Түркістанда өтуде

Жәнібектің алғашқы дайындық кезеңі Қазақстан құрамасының Түркістандағы оқу-жаттығу жиынында өтіп жатыр. Бұл жерде боксшы физикалық бабын күшейтіп, рингке қайта оралуға қажетті негізгі жұмысты атқаруда.

Дайындықтың екінші кезеңі АҚШ-та жалғасады деп жоспарланған. Дәл сол жақта Әлімханұлы алдағы титулдық кездесуге соңғы дайындық жұмыстарын пысықтайды.