UFC файтері Асу Алмабаев жаңа лигада бақ сынамақ
Отандасымыздың дебюті RAF 12 турнирінде Джони Дижулиусқа қарсы өтеді.
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев жаңа форматтағы жарыста ел намысын қорғайтын болды. Отандасымыз қазір америкалық Real American Freestyle лигасындағы дебютіне қызу дайындалып жатыр.
Асу Алмабаев RAF лигасындағы алғашқы кездесуін 22 тамызда АҚШ-тың Кливленд қаласында өткізеді. Қазақстандық спортшының қарсыласы — Джони Дижулиус. Бұл белдесу RAF 12 турнирі аясында өтеді.
Кештің басты оқиғасында UFC-дің танымал файтерлері Колби Ковингтон мен Белал Мұхаммад өзара күш сынасады.
Қазақстаннан шыққан үшінші спортшы
Асу Алмабаев Real American Freestyle лигасында өнер көрсететін үшінші қазақстандық спортшы болады.
Бұған дейін бұл промоушенде Ризабек Айтмұхан мен Қуат Хамитов боз кілемге шыққан. Хамитов жақында Тбилисиде өткен турнирде UFC файтері Арман Царукянға есе жіберген болатын.
UFC-дегі соңғы жеңісі сенімді болды
Асу Алмабаев UFC-де де сәтті өнер көрсетіп жүр. Қазақстандық файтер соңғы жекпе-жегінде америкалық Чарльз Джонсонды сенімді түрде жеңді. Бұл жеңіс оның UFC-дегі позициясын нығайтып, жанкүйерлер арасында беделін арттыра түсті.