Үш дүркін Қазақстан чемпионының кәсіпқой бокстағы жекпе-жегі жарияланды

Жекпе-жек шолушысы

Әділет Құрметов кәсіпқой рингтегі кезекті жекпе-жегін 14 тамызда өткізеді.

Үш дүркін Қазақстан чемпионының кәсіпқой бокстағы жекпе-жегі жарияланды
instagram.com/akurmetov/

Классикалық боксқа оралады

Кездесу Ресейдің Набережные Челны қаласындағы IBA.PRO 20 халықаралық бокс кешінің аясында ұйымдастырылады.

Бұл жекпе-жек Құрметов үшін классикалық боксқа қайта оралу болмақ. Боксшы бұған дейін Ресейдің RCC HARD жұдырықтасу лигасында сәтті өнер көрсеткен.

Шілде айында Құрметов Екатеринбургте “One round” іріктеу гран-приіне қатысты. Турнир ережесіне сәйкес боксшылар бір кеште үш жекпе-жек өткізуге тиіс болды.

Финалда қазақстандық боксшы “Үндіс” лақап атымен танымал Ұлқан Шодибековке қарсы жеңіске жетті. Осылайша Құрметов үш кездесудің барлығын сәтті аяқтап, турнир чемпионы атанды.

Қарсыласы – Ресей чемпионы

Әділет Құрметовтің алдағы қарсыласы Амин Абдуллин Татарстан бокс мектебінің өкілі саналады.

Ресейлік боксшы 2024 жылы ел чемпионатында жеңімпаз атанған. Сонымен қатар Ресей біріншілігінің финалына екі мәрте шығып, жастар арасындағы Әлем кубогының күміс жүлдегері болған.

Құрметовтің кәсіпқой бокстағы көрсеткіші

31 жастағы Өскемен тумасы әуесқой бокста Қазақстан чемпионатын үш рет жеңіп алған. Сондай-ақ Қазақстан Спартакиадасының екі дүркін финалисі және әлем чемпионатының қатысушысы.

Әділет Құрметов кәсіпқой рингте ресми үш кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның бір жеңісі мерзімінен бұрын тіркелді.

Боксшы 2024 жылдың қараша айында IBA Kunlun Fight World Cup турнирінде кубалық Олимпиада чемпионы Эрисланди Альвареспен қолғап түйістірді. Алты раундқа созылған кездесу төрешілердің бірауыз шешімімен кубалықтың пайдасына аяқталды. Дегенмен бұл нәтиже Құрметовтің ресми кәсіпқой статистикасына енгізілген жоқ.