Ризабек Айтмұқан UFC-ге кететінін айтты
Еркін күрестен Қазақстан құрамасының балуаны UFC-де жеңіліп көрмеген Шавкат Рахмоновпен бірге түскен суретін жариялады.
UFC-ге бетбұрыс
Әлеуметтік желіде жарияланған фотода екі қазақстандық спортшы бірге тұр. Айтмұқан жазбасында Шавкат Рахмоновпен сөйлескеннен кейін UFC-де бақ сынауға шешім қабылдағанын меңзеді.
"Жалпы, бәрін талқыладық. UFC-де өнер көрсетуге шешім қабылдадым", — деп жазды Ризабек Instagram парақшасында.
RAF турнирінде жеңіске жеткен
Ризабек Айтмұқанның соңғы толық аяқталған белдесуі 13 маусымнан 14 маусымға қараған түні Сент-Луистегі RAF 10 турнирінде өтті.
Қазақстандық балуан америкалық Хейден Зиллмермен кездесіп, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Одан кейін Айтмұқан Будапешттегі рейтингтік турнирге 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қатысты. Алғашқы белдесуінде грузиялық Андро Маргишвилиден басым түсті. Кейін 2020 жылғы Еуропа чемпионы, түркиялық Сүлейман Караденизді жеңді.
Алайда словак балуаны Батырбек Цақұловқа қарсы жартылай финалдық кездесуге шықпады. Сондай-ақ қола медаль үшін өтетін белдесуге де қатысудан бас тартты.
Рахмонов жарақатынан кейін қалпына келіп жатыр
Шавкат Рахмонов кәсіпқой ММА-дағы жеңіліссіз сериясын жалғастырып келеді. Қазақстандық файтердің еншісінде 19 жекпе-жектен кейін 19 жеңіс бар.
Ол соңғы рет 2024 жылғы 7 желтоқсанда UFC 310 турнирінде октагонға шықты. Рахмонов бес раундқа созылған кездесуде ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңді.
Қазір Шавкат Рахмонов тізесіне жасалған операциядан кейін оңалту кезеңінен өтіп жатыр. Оның менеджері Даниэль Рубенштейннің мәліметінше, толық қалпына келу үдерісі тоғыз немесе он айға созылуы ықтимал.