
Қазақстандық дзюдошы Елдос Сметовтың шетелге кетіп, басқа елдің азаматтығын алуы мүмкін бе? Бұл сұраққа Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев жауап берді.
Федерация басшысы Сметовтың нағыз патриот екенін атап өтті. Бұл туралы Tengri Sport жазды.
– Егер Елдос Сметов Қазақстаннан кетіп, басқа елдің азаматтығын қабылдаса, сіздің реакцияңыз қандай болар еді?
"Қайда кетеді?" – деп таңданды Қуанышбек Есекеев.
– Мысалы оған дзюдо отаны саналатын Жапониядан бас бапкерлікке шақыру түссе және азаматтық ұсынса?
"Елдос – біздің еліміздің мақтанышы. Бұл ақиқат өзгермейді. Біз де кезінде шетелдік мамандарды, оның ішінде француздық олимпиада чемпиондарын ұлттық құрамаға шақырдық. Бұл – спортта қалыпты тәжірибе. Қазір ұлттық құраманы бұрын Ресей құрамасын жаттықтырған мамандар дайындап жатыр", – деді федерация басшысы.
Елдос Сметов Қазақстан дзюдо тарихында ерекше орын алады. Ол Париж-2024 Олимпиадасында елге алғаш рет алтын медаль сыйлады. Бұған дейін Рио-2016 ойындарында күміс, Токио-2020 Олимпиадасында қола жүлдені иеленген. Қазақстан дзюдо тарихында олимпиада чемпионы болмаған. Сметов осы олқылықтың орнын толтырды.
Сонымен қатар, ол 2014 жылғы Азия ойындарының, 2015 жылғы әлем чемпионатының және 2016 жылғы Азия чемпионатының жеңімпазы атанды.
Бұған дейін Қуанышбек Есекеев Олимпиада жүлдегері Галбадрах Отгонцэцэгтің Қазақстан азаматтығынан бас тартуына қатысты пікір білдірген еді. Ол бұл мәселенің спортшылар үшін әрдайым күрделі шешім екенін айтып, ұлттық құраманың болашағына әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.