«Спортинг» ФК бас бапкері Руй Боржеш Чемпиондар лигасындағы алғашқы ойын алдында өз ойыншыларынан барынша жауапкершілік пен толық күш салуды сұрады.
Руй Боржеш шәкірттеріне Алматының «Қайратын» ешқашан жеңіл қарсылас деп қабылдамауға шақырды. Ол ойыншылардан барынша беріліп ойнауды, жылдам гол соғуды және ойын тізгінін қолға алып, үш ұпайды өз алаңында сақтап қалуды талап етті.
Португалиялық Record басылымының мәліметінше, «Спортингтің» басты мақсаты — алғашқы минуттарда басымдыққа ие болып, одан кейін ойын барысын бақылауға алу. Бұл стратегия командаға келесі дүйсенбіде өтетін Португалия чемпионатының алтыншы турындағы «Морейренсе» клубына қарсы матчқа ойысуға мүмкіндік береді.
Сол дереккөздің жазуынша, Боржеш «Қайратқа» қарсы кездесуде қолындағы ең мықты ойыншыларды алаңға шығаруды көздеп отыр. Дегенмен командада әлі де жарақатынан толық айыға қоймаған бірнеше футболшы бар.
«Спортинг» — «Қайрат» ойыны 18-нен 19 қыркүйекке қараған түні Лиссабонда (Португалия) өтеді.