
Мюнхендегі «Альянц Аренада» футбол жанкүйерлерін нағыз алыптардың шайқасы күтіп тұр. Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы матчта «Бавария» мен «Челси» жолығады. Opta деректері бойынша, неміс алпауыттарының жеңіске жету ықтималдығы 54,9 пайызға бағаланған.
Бүгін Мюнхендегі «Альянц Аренада» «Бавария» лондондық «Челсиді» қабылдайды. Бундеслига аясында Венсан Компани шәкірттері маусымды жақсы бастады: үш ойында 14 гол соғып, барынша сенімді жеңістерге жетті. Соңғы турда «Гамбургті» 5:0 есебімен ұтты.
Қақпашы Мануэль Нойер Чемпиондар лигасында 100-ші жеңісіне бір қадам жақын. Нойер қазірдің өзінде турнир тарихындағы ең көп «құрғақ» ойын өткізген (60) және ең көп сэйв жасаған (413) қақпашы.
Ал шабуыл шебінде басты сенім – Харри Кейн. Ол маусым басынан бері барлық турнирлерде 11 гол соғып үлгерді. Сонымен қатар, англиялық жұлдызға Серж Гнабри (4 ассист), Майкл Олесе (3 ассист) және Джошуа Киммих секілді футболшылар алаңда демеу болып, айтарлықтай көмектесе алады.
Англиялық команданың соңғы рет Чемпиондар лигасында өнер көрсеткеніне екі жыл болған. Содан бері клуб Конференция лигасын жеңіп алды және клубтар арасындағы әлем чемпионатында ПСЖ-ны финалда 3:0 есебімен күйретті.
Энцо Мареска командасын жаңа деңгейге шығарып, еуропалық аренаға қайта әкелді. «Челси» соңғы 13 халықаралық матчтың 12-сінде жеңіске жеткен. Қайта қатарға оралған Коул Палмер «Брентфордқа» қарсы кездесуде алаңға шыққаннан кейін небәрі бес минутта гол соғып, формасын дәлелдеді.
18 жастағы Эстеван да өз дебютін Чемпиондар лигасында жасауы мүмкін. Бұл оны турнир тарихындағы ең жас оңтүстік америкалықтар қатарына қосуы ықтимал.
«Бавария» соңғы 11 ойында ағылшын клубтарынан өз алаңында тек бір рет жеңіліп, қалғанында жеңіске жетті немесе тең түсті (8 жеңіс, 2 тең). Сол жалғыз жеңіліс 2019 жылы Юрген Клопптың «Ливерпулінен» тіркелген.
Ал «Челси» үшін «Бавария» ыңғайсыз қарсылас: өзара алты кездесудің 60%-ында ұтылған. Соңғы рет қос команда 2019/20 маусымында 1/8 финалда кездесіп, немістер екі матчтың қорытындысы (3:0 және 4:1) бойынша жеңімпаз атанды.
Opta суперкомпьютері 10 мың симуляция жүргізіп, «Баварияның» жеңіске жету ықтималдығын 54,9% деп есептеді. «Челсидің» жеңісі – 23%, ал тең ойын – 22,1%.